Сығандар Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше ретінде қабылданды
Қазақстан халқы Ассамблеясысының ХХІ сессиясы осы жылдың 18 сәуірінде өтетіні белгілі. Осы ретте аймақтарда өткізіліп жатқан шаралар да жетерлік. Мәселен, Ақтөбе облысындағы сығандар елімізде алғашқы болып ресми түрде өздерінің мәдени орталықтарын құрды. Олар енді Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше ретінде қабылданды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-нің брифингінде ҚР Президенті жанындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова мәлімдеді.
«Женевадағы БҰҰ-ның отырысында Қазақстандағы сығандар мәселесі туындаған болатын. Қазіргі уақытта Ақтөбеде сығандардың 2 мәдени орталығы тіркелді. Олар Ассамблеяның құрамына кіріп өз жұмыстарын жалғастыруда. Әлем бойынша сығандардың этностық тобы ең аз ұлттық топқа жатады. Әрбір мемлекетте қақтығыстарға ілігіп қалатын кездері де жиі болады. БҰҰ-ның отырысында сығандардың жағдайы қаралып тұрады. Еліміздегі сығандар қазақстандық ортаға бейімделген. Қазіргі таңда балалары мектепте, жоғарғы оқу орындарында білім алып жатыр. Олар өздерін Қазақстан қоғамына бейімделген этностық топ ретінде санайды», - деді Айгүл Сәдуақасова.
Айта өтейік, Ақтөбе сығандары өздерін Ассамблеяға мүше етіп алу мәселесін осыдан 3 жыл көтерген болатын. Ақтөбе сығандарының жетекшісі Елена Дмитриева журналистерге берген сұхбатында: «Саясатқа қатысымыз жоқ. Жеке басым саясат дегеннің не екенін мүлде білмеймін. Өйткені мен сығанмын ғой. Қай жерде құрметтейді, сол жерде жүреміз. Енді құр жүрмей, сығандардың басын біріктіреміз. Қазіргі заманға сай келетін дәстүрлерімізді насихаттаймыз» деген болатын.
Қазіргі уақытта Ақтөбедегі сығандар орталығында 200-ден астам сығандар тіркеліп, өздерінің жұмыстарын жалғастыруда.