Жаңалықтар

Сузəни Самарқанди

Сузəни Самарқанди
27.08.2014 04:30 2747

Сузəни Самарқанди – Шəмсəддин Мұхаммед ибн Əли Самарқанди – Иран ақыны. Туған жылы белгісіз. 1177-1185 жылдар аралығында дүние салған. Иран ғалымы Мұхаммед Уфидің (1176-1232 ж.) айтуына қарағанда ақын ине-жіппен безендіру өнерімен айналысқандықтан Сузəни («Сузəн» – «ине») деп аталып кеткен.

Сузəни жастық шағында білім алу мақсатында Бұқараға сапар шеккен. Арыслан хан Мұхаммед (1062-1130ж.) пен Санжар Атсыз ибн Мұхамммед Хорезмшахтың замандасы болған. Ол өмір сүрген дəуірде атақты Сəнаи, Əнвари, Мүəззи, Əдиб Сабыр, Рашиди сынды ақындар болған. Сузəни олардың кейбіреулерімен айтысқа түскен. Алайда оның тілі уытты болған. Басқаларды балағаттап, оларға тіл тигізетін. Ол мұндай мінезден, яғни басқаларды даттаудан өмірінің соңғы кезінде бас тартып, тəубесіне келген. Оның диуанын карастырсақ, Таразды жырлайтын бəйіттер де кездеседі:

Жұпар исің аңқыған иіс суындай,

Сұңғақ бойың тербелген ақ қайындай.

Жанарынан нұр шашқан бар əлемге,

Айдай жүзің Тараздың сұлуындай.

Шаңырағында əлемнің əділ, биік өнерің

Шын мен Тараз барғызар, Қағбаға да жетерсің.

Тараз бен Шыннан келген көрікті жандар көп болған,

Той-думан да өткіздің сұлулар толып кеп тұрған.

Хақани Шервани (1126-1199ж.) – атақты Иран ақындарының бірі – Əбу Бəдил Əфзəледдин Ибраһим ибн Əбу Хасан Əли ибн Осман. Ол ел ішінде Хақани Шервани деген лақап атпен танымал болған. 1126 ж. Кавказдың оңтүстік шығысында Шерван уəлаятының Əрəс жəне Кура өзендерінің арасында дүниеге келген. Əкесі қайтыс болған соң, оның дəрігер бауырының колында өскен. Ол баланың дарынын байқап, араб тілі, əдебиеті жəне барлық ғылыми салаларда жан-жақты білім алуына жағдай жасаған.

Хақани жас шағында аса шеберлікпен жырлаған ғазал жəне қасидалары үшін «Һəссəн ол Əжəм» атымен мəшһүр болған. Кейін Шерванның танымал ақыны Əбу Əһла Гəнжəви оны өзіне шəкірт етіп қабылдаған. Оны құрметтей жүріп, өз қызын берген. Кейінірек «Ақындар сұлтаны» деп Шерван Шаһқа таныстырып, Хакани лақап ат алып берген.

Хақани ғұмыры шытырман оқиғаларға толы болған. Алайда, əдеби əлемде парсы, араб тілдерінде өзінен құнды мұра қалдырған. Соның бірі ретінде өлеңдер жинағы – «Диуанын» айтуға болады. Бұл диуан жиырма мың бəйіттен тұрады.

Өмірінің соңына таман 1184 жылы Шерван шахтың сарай қызметінен кетіп, Тəбриз қаласына қоныс тепкен. Сол қалада қалған ғұмырын сопылықпен өткізген. Сөйтіп, 1199 жылы дүние салып, Тəбриздегі Сархаб ауданында орналасқан «шайырлар зиратында» жерленген.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға