Суретші Аида Гармашова: Әр картина – ішкі әлемімнің көрінісі

Сурет өнері – адамның ішкі әлемін бейнелеудің ең әсерлі әрі ерекше тәсілі. Әрбір суретші өз туындылары арқылы дүниетанымын, эмоциясын және өмірге деген сүйіспеншілігін жеткізеді. Кескіндеме тек техникалық шеберлікті ғана емес, терең ой мен ерекше сезімталдықты талап етеді.
Бұл сала үнемі жаңарып, жаңа бағыттар мен стильдер қалыптасып отыратыны анық. Осы орайда жас та талантты суретші, «Талант» изостудиясының негізін қалаушы Аида Гармашовамен сұхбаттасып, оның шығармашылығы мен өнерге деген көзқарасы жайлы әңгімелесуді жөн санадық.
Аида Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Оның шығармашылық жолы бала кезінен-ақ басталған. 2011 жылы Ақтөбе қаласындағы Оқушылар сарайында «Бейнелеу өнері» факультетінде білім алған. Кейін Ақтөбе қаласындағы сурет және бейнелеу өнері бойынша мамандандыратын «Сурет және кескіндеме» факультетіне түсіп, 2018 жылы тәмамдады.
Сурет: Артем Чурсинов
Суретші шығармашылық жолында көптеген жарыстар мен байқауларға қатысып, өз шеберлігін шыңдап, өнер әлеміне елеулі қадамдар жасады. Оның айтуынша, бейнелеу өнері – бұл тек техникалық шеберлік емес, ең алдымен, адамның ішкі әлемін, ойларын, сезімдерін сурет арқылы жеткізе білу.
Мен үшін өнер – бұл әлемге деген көзқарасты көрсету. Сурет салу арқылы өзімді танытамын және ішкі сезімдерімді бейнелеймін. Меніңше, суретшінің жұмысы әрқашан өзіне шынайы болуы керек. Бұл – ең бастысы. Өнерде көп нәрсе сенім мен шынайылыққа байланысты. Өз ішкі сезімдерің мен ойларыңды шынайы түрде жеткізу өте маңызды. Одан кейін шығармашылықта өзіңді дамыту үшін көп еңбектену қажет. Өнер – бұл ұшқыр ой мен еркіндік, бірақ сол еркіндікті дамыту үшін көп уақыт пен күш жұмсау қажет. Шығармашылықты тек қана өзіндік даму мен ізденіс деп санаймын, – дейді ол.
Кейіпкеріміз 2018 жылы өзінің оқуын аяқтап, сол кезеңнен кейін шығармашылық әлеміне тереңірек ену мақсатында Алматыға көшу туралы шешім қабылдайды.
Ал 2019 жылы Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша оқуға түседі. Алайда оқуын аяқтап, дипломын алған соң мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмейтінін түсініп, қайтадан өзінің сүйікті ісімен айналыса бастайды.
Сөйтіп, 2023 жылы Аида Астанаға көшіп, танымал суретші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген суретшісі Мұрат Ғизатовтың жетекшілігімен майлы бояумен сурет салу бойынша білім алды. Осы кезеңде оның өнері жаңа деңгейге көтерілді.
Мұрат Ғизатовтың жетекшілігі мен үшін өте маңызды болды. Оның кеңестері, тәлімгерлігі шығармашылығымды жаңа деңгейге көтерді. Ол мені шынайы өнермен таныстырды, – деп еске алады Аида.
2024 жылы Аида өз арманына қол жеткізіп, өзінің жеке изостудиясын ашты. Астанадағы «Талант» атты студиясында ол балаларға сурет салуды үйретіп, олардың өнер жолындағы алғашқы қадамдарын бағыттап келеді. Студияда әртүрлі жастағы балаларға арналған топтар бар. Олар халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.
Суреттер: Артем Чурсинов
Менің мақсатым – балаларға тек техникалық дағдыларды ғана емес, шығармашылық еркіндік пен өздігінен ойлау қабілетін дамытуға көмек көрсету, – дейді Аида.
Кейіпкеріміз өзінің шығармашылық бағытын бірнеше кезеңдерге бөлген. Оны қызықтыратын екі негізгі стиль – реализм және импрессионизм. Реализм арқылы Аида адам жанының тереңдігін, ал импрессионизмде табиғаттың нәзік сұлулығын бейнелеуге тырысады. Бұл екі стиль оның шығармашылығында өзара үйлесім тауып, бір-бірін толықтырады.
Суреттер: Артем Чурсинов
Реализм мен импрессионизм мені ерекше қызықтырады. Реализмде адамды, оның эмоцияларын нақты түрде көрсетемін, ал импрессионизмде әлемді нәзік және сезімтал түрде бейнелеймін, – дейді суретші.
Аида Гармашова қазіргі таңда автопортреттермен жұмыс істеп жатыр. Ол өзінің шығармашылық жолында осы жанрды маңызды орынға қойды. Автопортреттерде ол өз ішкі әлемін, жеке сезімдерін, сол кезеңдегі көңіл күйін сурет арқылы көрсетпек.
Сурет салу – өзімнің ішкі әлемімді көрсету. Сурет арқылы мен адамдармен тілдесемін. Автопортреттерім де шынайы болмысымды көрсетеді. Бұл өзіндік ерекшелігімді, ішкі жан дүниемді сурет арқылы жеткізуім, – дейді Аида.
Сурет: Артем Чурсинов
Суретшінің соңғы жұмыстарының бірі – «Қаладағы күз» атты үш сериядан тұратын картина. Бұл жұмыс күзгі қала көрінісін бейнелейді, онда жаздың аптап ыстығынан кейінгі салқын ауа райы мен қоңыр-сарғылт түстердің әсемдігі көрсетіледі.
Картинадағы бейнелер мен алтын түстес жапырақтардың үйлесімі ерекше әсер қалдырады. Қала көшесінің орта тұсында жайлы кафе, оның айналасында гүлденген өсімдіктер, шырақтар жанған терезелер – барлығы күздің сұлулығын, қаланың тыныш өмірін көрсетеді. Қалада жаңбыр жауған соң көшедегі су тамшылары мен ағаштардың тамырлары көрініп, бізге күздің шынайы бейнесін көрсетеді. Мұнда адам мен табиғат арасындағы үйлесім, күнделікті өмірдің әсемдігі мен оның қарапайым сәттері көрсетілген.
Аида өзінің шәкірттеріне де осыны үйретеді. Оның студиясында оқушыларға тек техникалық дағдылар ғана емес, шығармашылық еркіндік пен өнерге деген шынайы сүйіспеншілікке де ден қойылады.
Аида Гармашова тек кәсіби суретші ғана емес, сондай-ақ, өзін жақсы педагог ретінде де таныта білді. Өзінің шәкірттерінің шығармашылық әлеуетін арттыру үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, оларды әрқашан шабыттандырып келеді. Оның студиясындағы балалар өздерінің алғашқы туындыларын жасап, үлкен өнер жолына қадам басып жүр.
Менің мақсатым – шәкірттеріме тек сурет салуды ғана емес, әлемді түсініп, оны көркем түрде жеткізу жолын үйрету. Әрбір бала өзінің ішкі мүмкіндіктерін ашып, өз өнерін жүзеге асыруға тиіс, – дейді ол.
Суретші үшін ең керемет суретшілердің бірі – Ресей суретшісі Илья Репин. Репиннің шығармашылығында адам жанының тереңдігі мен эмоцияларды бейнелеудегі күшті тәсілдері оны ерекше қызықтырады. Сонымен қатар, Аида Елизабетта Сирани мен Рембрандт Харменс ван Рейнің суреттерінен де көп әсер алғанын айтады.
Осындай ұлы суретшілердің стилін ерекше жақсы көремін. Олардың картиналары шығармашылық ізденіске септігін тигізеді, – дейді Аида.
Сонымен қатар Аида суретшілердің қандай қиындықтармен кездесетінін де атап кетті.
Сурет: Артем Чурсинов
Өнер әлемі әрқашан қиындықтармен бірге келеді. Шығармашылық процесінде идеялар мен жаңа бағыттарды іздеу оңай емес. Бірақ өнерді бағалауға келгенде ең үлкен кедергілердің бірі – картиналардың көрмелерде немесе галереяларда сатылмай қалуы. Бұл салада бәсекелестік өте жоғары, әр суретші өз стилін көрсетуге тырысады, бірақ көрмелерде сатып алушы табу қиынға соғады. Әрине, бұл қиындықтарға қарамастан мен өнеріме сенемін және оны дамыту үшін барлық күшімді саламын, – деді кейіпкер.
Оның сөзінше, суреттерді шетелде көрмелерге шығару өте қымбатқа түседі.
Мысалы, Дубай немесе Париж секілді қалаларға бару үшін көптеген шығындар жұмсалады. Билет, қонақ үй, күнделікті шығындарға әжептәуір ақша керек. Көрмеге қатысу үшін қырғын ақша жұмсасаңыз, оның нәтижесі бола ма, жоқ па – белгісіз. Бұл үлкен тәуекелділікті талап етеді. Бірақ меніңше, әр көрме жаңа мүмкіндіктер аша алады. Десе де үнемі оң нәтижеге қолжетізе беру мүмкін емес қой, – деді ол.
Аида үшін шетелде суреттерін көрсету, халықаралық деңгейге шығару өте маңызды.
Сурет: Артем Чурсинов
Армандарымның бірі – картиналарымды әлемнің түрлі елдеріндегі көрмелерге өткізу. Өз картиналарым арқылы әртүрлі мәдениеттер мен адамдармен байланыс орнату мен үшін үлкен мәнге ие. Сондай-ақ, мен өз шығармаларымды шетелде сату арқылы оларды кең аудиторияға танытқым келеді. Бұл тек менің шығармашылығымды көрсету ғана емес, менің өнерім арқылы Қазақстанды танытуға мүмкіндік береді, – деп сөзін қорытындылады суретші.
Осылайша, Аида бүгінде тек өз өнерін дамытып қана қоймай, жас ұрпаққа шығармашылықтың қыр-сырын үйретіп, шабыт сыйлауда. Оның ізденісі мен еңбегі болашақта қазақ бейнелеу өнеріне жаңа леп әкеліп, үлкен жетістіктерге бастайды деп сенеміз.
