Жаңалықтар

«Сұрақ өте көп». Асхат Аймағамбетов Үкіметтің жұмыссыздық туралы жүргізген есебіне күмән келтірді

«Сұрақ өте көп». Асхат Аймағамбетов Үкіметтің жұмыссыздық туралы жүргізген есебіне күмән келтірді
Фото: ©El.kz/Арман Мухатов 14.10.2024 11:35 567

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жұмыссыздық бойынша Үкіметтің жүргізетін есебі күмән тудыратынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің есебіне сәйкес, жыл сайын шамамен 900 мың адам жұмысқа орналасады екен. Сонда жыл сайын 1 млн-ға жуық адам жұмысқа орналасса, жұмыссыздық деңгейі неге өзгеріссіз қалып отыр деген сұрақ мазалайды. Мынадай қарқынмен жұмыссыздық пен өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесі әлдеқашан шешілуі керек еді. Ең қызығы, соңғы 10 жылда жұмыссыздық 4,5-4,7 деңгейінде өзгермей тұр. Жұмысқа орналастыру статистикасымен таныссақ, тіпті арифметика заңдарына күмәндана бастайсың. Өздеріңіз ойланып көріңіздерші, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 963 мың адам жұмысқа орналастырылған екен. Ал бірақ жұмыссыздардың саны 445 мыңнан аспайды. Сонда жұмысқа мұқтаж адамдардың санынан екі есе көп адам жұмысқа орналастырылды деген сөз бе?! Әрине, сұрақ өте көп, - деді мәжілісмен.

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, бұған дейін еңбек нарығына жыл сайын 200 мың адам келетін, ал қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 250 мыңға жетіп қалды.

Бес жылдан кейін еңбек нарығына келушілердің саны 350 мыңға дейін барады дейді. 2030 жылға қарай еңбек нарығына үлкен қысым жасалады. Ол неге байланысты? Әрине, біріншіден – демография, беби-бумерлердің әсері. Екіншіден – өмір сұру ұзақтығының артуы. Бұдан бөлек, 2031 жылға қарай әйелдердің зейнетке шығу жасы 63 жасқа ұзаруына байланысты еңбек нарығында 50 мыңға жуық адамның қалуы, сонымен қатар автоматизацияның қарқынды дамуы. Осының барлығы еңбек нарығына үлкен әсер етіп, жаңа жұмыс орындарын қажет етеді, - деді Аймағамбетов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға