Жаңалықтар

Сұрағы жоқ сұхбат. Ыбырай Алтынсарин

Ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің ойлары
Сұрағы жоқ сұхбат. Ыбырай Алтынсарин
07.11.2017 10:28 13538

Ағартушы-педагог

Қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшылық тұрмыстың артықшылығына, мысалы, құрғақ жылы бөлмелерде тұруға үйретудің өзі қазақ даласында тәрбиелік мәнi бар жұмыс деп білемін.

Мектептің шаруашылық жағдайлары жаман болса,  оның ісі еш уақытта да оңға баспайды, пайдалы ешнәрсе бермейді, оның оқушылары да, оқытушылары да істен күдер үзіп кетеді.

Қызмет бабында мен қазақтармен жиі-жиі ұстасып қаламын, олардың ішінде менің өз туысқандарым да бар. Олардың сырын жақсы білемін, көбін тіпті жек көремін. Қазақ арасындағы қызмет адамдарын да көңілім тіпті сүймейді. Олар кедей қазақтарды, қарсылық көрсете алмай қасқырдың аузында жем болатын қорғансыз момындарды адамшылықтың шегінен шыға, арсыздықпен тонайды, талайды. Соларды көргенде, менің жұмысым болмасадағы мен өте қатты күйінемін.

Я, айтпақшы, мен Сізге бір кішкене сөгіс берейін деген едім. Сіз маған жазған хатыңызды «Ұлы мәртебелі» деп лауазымнан бастайтын сұмдығыңыз не? Достар арасында және олардың хаттарында лауазым айтылушы ма еді? Ондай сөздермен мені ендігәрі ұялтып, қызартып жүрмеңіз, әйтпесе мен де Сізге хатымды «сіздің ұлы мәртебеңізге» деп бастайтын боламын.

Қазақ халқы деген оқу-білімге сусап отырған халық; әттең, бұл іске оқыған адамдардың жаны ашымайтыны есіңе түскенде кейде күйінесің. Біз бұл жағынан алып қарағанда, кейде, жылы сөзге ынтызар жетім бала сияқтымыз.

Ал енді құдай басыма не салса да мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта да қайтпаймын. Құдайым тек адам баласының жауыздық қылықтарына қарсы тұруға, нахақ жала-жапсардың күйігінен арманда кетпеуге дем берсін.

Істеп жатқан ісіме, көздеген мақсатыма беріліп кетіп, мен осы кезге дейін өзімнің келешегімді, өз үйімнің келешегін ойланбаппын ғой; мұны ойлану керек сияқты көрінеді.

Қанша мал көп те болса қанағаты жоқ кісі байлыққа жеттім деп тоймайды; қанша мал аз да болса, барына қанағат ете білсе, бұл адамның көңілі жайлы, тынышырақ болады.

Қазақтардың менен күтіп жүрген үміті зор; әсіресе, құрметті адамдар маған мектепке балаларын беруге ынталы екендіктерін көрсетіп отыр, оларға ең алдымен мемлекеттің заңын үйрет деп өтініш жасап жүр, сондағы ойлары кейін олардан закүншіктер, демек, өсекшілер шықсын дегені ғой. Міне, олардың көздегені осы.

Бір хатыңызда Сіз менің хатымды басқаларға көрсетіп едім, олардың бәрі де сені мақтады депсіз. Қайырымды Николай Иванович, маған олардың мақтауынан не пайда бар?

Мен, әрине, балаларды жазалауды сүйетін онша қатал адам емеспін. Бірақ, кейде, балаларды тентектіктен тыймай да болмайды. Тентек етіп өсірсең балалардың адамгершілік қасиетін бұзып аласың. Бірақ қазақтар мұның бәрін түсіне қояр ма екен?

Бірінші кітабымды Паульсон кітабының құрастырылу тәртібімен жазып шыққалы отырмын. Әрине, мұны қазақ балаларына лайықтап жазамын. Мысалдарды енгізгім келмейді, өйткені, қатаң тұрмыста өскен қазақтарға бұдан гөрі мәндірек әңгімелер керек болады. Мысалдарды қазақ балалары оқығысы келмейтінін, оқыса оған күлетінін, ал олардың ата-аналары: балаларымызға сауысқан мен қарға сөйлеседі деген сияқты жоқ нәрсені үйретеді деп, тіпті, ренжитінін тәжірибемнен білемін.

Білімім өте аз болса да, осы аз білімімді іске жаратуға тырысып отырмын, өйткені, егер ешкім ешнәрсені қолға алмайтын болса, онда ешбір іс те істелмейді ғой.

Денсаулықты бір бұзып алған адам жыртық тонға ұсап кетеді деген қазақтардың сөзі дұрыс екен.

Мектеп - қазақтарға білім берудің басты құралы, олар қазақ даласының кез келген жеріне ретсіз орната салынатын болса, ешбір пайда келтіре алмайды. Ал біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы, тек қана осы мектептерде. Сондықтан мектептерде жақсы (бір жөні тәуір) білім берілетін болсын, артта қалған халықты мектепке қызықтырып тарту үшін мектеп бітіргендерге қай жөнінен болса да бір артықшылық берілетін болсын, сонда ғана оқушылардың саны ешбір күмәнсіз өте тез өседі. Осылай еткенде ғылыммен қаруланған, әр нәрсеге дұрыс көзқарасы бар адамдар қазақ арасында көбейіп, бүкіл халыққа әсер ете алады.

Бір араб философы бақыттылық пен байлық неде дегенде – «ынсаптылықта» деп жауап берген екен: міне, осы ақылды алыңыз.

Келешекте не боларын білмеймін, бірақ жергілікті әкімдер тарапынан ешбір жақсылық күтуге болмайтын сияқты. Көп қолайсыздықтарға да ұшырауға тура келетін болар; ал мұның ең жаманы - халықтың қараңғылығымен емес, қоғамның әл-ауқаты мен мәдениетін көтеруге көмектесу үшін үкімет өзі қойып отырған білімді адамдарымен күресуге тура келеді.

Менің бұл жағдайымда, құдайым маған көмек етсе және дәрменім жетсе, мен азды-көпті қазақ халқына ғана пайдалы бола аламын, ал басқа ұлттарға, халықтарға, әрине, түк пайдам болмайды.

Халық мектептері үшін ең керекті - оқытушы; тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйырықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды.

Менің ойымша, көңілдің хошы, бақыт дегеннің бәрі де ата-бабаның өмір сүрген және жерленген жерінде, туған ошағыңның басында жақсырақ, ал қайғы дегеннің қандайы да, тіпті, ажалдың өзі де сол жерде жеңіл болатын сияқты.

Қазақ халқы қарапайым, өнері жоқ халық, бірақ біз қарапайымдықтың өзінен де көп жақсылық табамыз. Ал кейбір ақылдысымақтардың: қазақ тентек, қазақ қанішер халық деулері мәңгібақи тек қағаз бетіндегі мағынасыз сөз болып қана қала бермек.

Бір жаман жері әжем, шешем, жеңгем және тағы басқалары маған ренжіп, мазамды алып болды, шаруашылығым күйзеліп барады, не істерімді білмеймін... Мен өзімнің аңқаулығымнан немесе шынын айтқанда, құрғақ қиялдарға, бос армандарға әуестеніп кеткендігімнен олардың бәрін де ұмытып кетіппін ғой. Сондағы іздеп жүргенім не екен!?

Дереккөз: qasym.kz, infoportal.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға