Жаңалықтар

Суперкомпьютерлер, стартаптар: Қазақстан Лондонда қандай жобаларды ұсынады

Суперкомпьютерлер, стартаптар: Қазақстан Лондонда қандай жобаларды ұсынады
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 24.01.2025 21:13 153

22-24 қаңтар аралығында Ұлыбританияның Лондон қаласында British Education Training and Technology Show (Bett Show) көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Қазақстан заманауи білім беру технологияларына арналған ауқымды көрмеге алғаш рет ұлттық павильон ретінде қатысуда. Көрмеде еліміздің алты жетекші университеті қатысып, өздерінің бірегей жобалары мен әзірлемелерін ұсынуда.

– Nazarbayev University әлемдік жетекші EdTech көрмесінде Soyle App, қазақ тілінің үлкен тілдік моделі ISSAI KAZ-LLM және Artisan Education стартапын таныстырды. Soyle App көпфункциялы қолданба сөзді тану, дауыс синтезі және ауызша сөз бен мәтінді төрт тілге (қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше) аудару мүмкіндіктерін ұсынады. Soyle App қолданбасының аударма сапасы FLoRes деректер жиынындағы BLEU көрсеткіштері арқылы өлшеніп, Google Translate, Yandex Translate және GPT-4o-дің аударма нәтижелерінен асып түседі. GPT чатының қазақша нұсқасын әзірлеуге негіз болатын KAZ-LLM барлық жерде – қазақ тіліндегі аудармалар мен мазмұнды генерациялаудан бастап үлкен мәтіндерді өңдеуге дейін пайдалануға болады.

– Аталмыш көрмеге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті соңғы жетістіктері мен инновациялық жобаларын ұсынуда. Олар: Faraby суперкомпьютер орталығы, Farabi Robotics – Орталық Азиядағы бірінші өнеркәсіптік робототехника және құзыреттілік орталығы, университеттің АТ-инфрақұрылымы, жаппай ашық онлайн курстарды жазу студиясы, виртуалды зертханалық жұмыстар. Faraby суперкомпьютер орталығында әлемдегі ең үздік 600 суперкомпьютер тізіміне кіретін ірі қондырғы орнатылған. Ал Farabi Robotics мақсаты – өнеркәсіптік кәсіпорындарға қолданбалы тәжірибені оқшаулау, масштабтау және индустрия 4.0 салаларында оқыту арқылы әлемдік деңгейдегі технологияларды игеруге көмектесу.

– Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық көрмеде білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған инновацияларды көрсетеді. Cоның ішінде инклюзивті нұсқаулық, жаппай ашық онлайн курстар (MOOCs), соның ішінде сурдоаудармасы бар курстар, барлық оқушыларға тең мүмкіндіктер береді, жасанды интеллект саласындағы әзірлемелер: қазақ тілінде эмоционалды түрде дәріс оқитын аватар, сурдоаудармашы аватары. Инклюзивті нұсқаулық – ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін университет инфрақұрылымы мен білім беру ресурстарының қолжетімділігін жақсартуға арналған шешім. Smart.ENU платформасы – «ақылды кампус» құру үшін жасанды интеллект элементтерін және заттар интернетін қамтитын білім беру үдерісін басқарудың интеграцияланған жүйесі.

– Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті BETT UK 2025 көрмесінде инновациялық білім беру бағдарламаларына және Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық аясында құрылған «Лу Бань шеберханасы» атты ерекше білім беру жобасына баса назар аударды. Бұл жоба студенттер мен оқытушылардың кәсіби және инженерлік дағдыларын дамытуға, білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізуге, дәстүрлі инженерлік пәндерді заманауи цифрлық және автоматтандырылған технологиялармен үйлестіруге бағытталған. Сондай-ақ «SMART GUIDE» интерактивті жобасы таныстырылды. Ол «Лу Бань шеберханасының» интерактивті макетінен және «SMART GUIDE» экскурсиялық роботынан тұрады.

– Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Digital SU жобасы мен жоғары технологиялық MIT FabLab зерттеу орталығын ұсынды. Digital SU жобасы – білім беру процесін автоматтандыратын, студенттер мен оқытушылар арасындағы байланысты жақсартатын және тұтастай университеттің тиімділігін арттыруға көмектесетін кешенді цифрлық экожүйе. Ал MIT FabLab – бұл 3D принтерлермен, ЧПУ станоктарымен, жобалау және модельдеуге арналған бағдарламалық құралдарымен жабдықталған зертхана. Мұнда студенттер өз ғылыми жобаларын әзірлеумен қатар, сандық инженер-конструктор, реверс-инженер және ЧПУ станоктарының операторы мамандығын меңгеріп шығады.

– Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті студенттері мен ғалымдары көрмеде «VR виртуалды кен орны» технологиясын таныстырды. VR технологияның көмегімен студенттер виртуалды ортада түрлі кен орындарын зерттеп, теориялық білімдерін бекіте алады. Жобаның артықшылығы – қауіпсіз эксперименттік орта, виртуалды экскурсиялар, интерактивті және иммерсивті оқу процесі. Utebayev University аталған көрмеде түрлі елдерден келген білім беру және технология саласының мамандарымен танысып, ынтымақтастық орнату мақсатында диалог жүргізеді.

BETT UK 2025 көрмесіне қатысу университеттің жетістіктерін көрсету алаңы ғана емес, сондай-ақ халықаралық байланыстарды нығайтуда, оның ішінде бұл халықаралық платформада жоғары білім мен кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізудегі маңызды қадам болды. Көрмеге 600-ден астам экспонент және 300 спикер қатысты, сондай-ақ 130-ға жуық мемлекет білім беру бойынша өз әзірлемелерін ұсынды, ал 600-ден астам халықаралық компаниялар, оның ішінде Google, Microsoft, Lenovo және т.б. қатысуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға