Жаңалықтар

Сумен таралатын жұқпалы аурулардың қаупі өте төмен – бас санитарлық дәрігер

Сумен таралатын жұқпалы аурулардың қаупі өте төмен – бас санитарлық дәрігер
Фото: primeminister.kz 25.04.2024 16:26 538

Сенаттың жалпы отырысында сенатор Бибігүл Жексенбай су тасқыны салдарынан өңірлерде жұқпалы аурулардың таралу қаупі бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қазіргі уақытта су тасқыны салдарынан өңірлерде жұқпалы аурулардың таралу қаупі бар. Экологтар мен дәрігерлер тасқын су сібір жарасы көмілген жерлерді де ашу қаупін жасырмайды. Қарғын су кезінде кеміргіштер түрлі гепатит, тырысқақ, сүзек, тағы басқа қауіпті аурулардың қоздырғыштары болатыны белгілі. Көрші Ресейдегі жағдай да осындай болып тұр. Осы орайда келісімге қатысушылардың арасындағы жұқпалы аурулардың өршуінің алдын алу бойынша әрекет алгоритмі қандай?, - деп сұрақ қойды сенатор.

Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың айтуынша, қазіргі кезде эпидемиологиялық жағдай тұрақталған. 

Су тасқыны басталғаннан кейін біз Ресей бас мемлекеттік санитарлық дәрігерімен байланыстамыз. Әрбір екі-үш күн сайын эпидемиологиялық жағдай туралы, судың қауіпсіздігі, судың зерттеу нәтижелері бойынша және қолданылатын профилактикалық эпидемиологиялық шаралар туралы ақпаратпен алмасамыз, - деп жауап берді ол. 

Сондай-ақ Айжан Есмағамбетова өңірлерде жүргізіліп жатқан шаралар туралы да айта кетті. 

Су тасқыны басталғаннан кейін санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы күшейтілген режимге көшті. Сумен таралатын жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында судың қауіпсіздігі, сумен қамтамасыз етуге бақылау күшеюде. Осы күнде судың 10 мыңнан астам зерттеу жүргізілді. Олардың нәтижесі бойынша сумен таралатын жұқпалы аурулардың қаупі өте төмен, - деді вице-министр.

Санитарлық дәрігердің сөзінше, мамандар барлық эвакуациялық пунктте тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Олар су, тамақ қауіпсіздігін, эвакуациялық пункттерде санитарлық-эпидемиологиялық режимнің сақталуын бақылауда ұстайды.

Қазіргі кезде судың астында 6 мыңнан астам эпидемиологиялық маңызы бар объектілер қалды. Олардың санына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Су кеткеннен кейін эпидемиологиялық маңызы бар объектілер дезинфекциялық жұмыстар өткізілуде. 4 мыңнан астам нысанда осындай жұмыс жүргізілді. Келісімге қосылу еркін болғандықтан, оның баптарын орындамаған үшін ешқандай жауапкершілік көзделмеген, - деді Айжан Есмағамбетова.

Вице-министрдің айтуынша, сібір жарасы бойынша мал қорымдарының 12-сі су астында қалған. Олар Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға