Суицидтің алдын алуға бола ма? Сарапшы-психолог кеңес берді

Бүгінде жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті болып отыр. Жас ерекшелігіне байланысты психологиялық күйзеліс, әлеуметтік қысым, буллинг және отбасылық қиындықтар суицидке итермелейтін негізгі факторлар ретінде қарастырылады. Бұл мәселенің алдын алу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі жүйелі шаралар қабылдап келеді.
Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасы бойынша «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты білім беру ұйымдарында жәбірлеудің алдын алу бойынша әлемдік жетекші бағдарламаларға жан-жақты талдау жүргізді. Осыған байланысты «Өркен» институтының жетекші ғылыми қызметкері, сарапшы-психолог Сағым Нағашыбаевамен сұхбаттасуды жөн көрдік.
Сағым Нағашыбаеваның айтуынша, суицид – адамның өз-өзіне қол жұмсауы, яғни өмірін қасақана тоқтатуы. Бұл күрделі және ауыр әлеуметтік, психологиялық, медициналық және мәдени мәселе болып есептеледі.
Суицидке әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Мысалы, психикалық денсаулық мәселелері – депрессия, мазасыздық, шизофрения, биполярлық бұзылыс. Жеке қиындықтар – стресс, жалғыздық, қаржылық қиындықтар, отбасылық мәселелер. Әлеуметтік факторлар – буллинг, зорлық-зомбылық, әлеуметтік оқшаулану. Травматикалық тәжірибе – зорлық, жақын адамды жоғалту, соғыс немесе басқа да ауыр оқиғалар, – деп атап өтті сарапшы-психолог.
Осы ретте «Өркен» институтының жетекші ғылыми қызметкері суцидтің алдын алу мақсатында көмек көрсету жолдарын да айтып берді.
Ең алдымен қолдау білдіру – адамды тыңдап, оның сезімдерін жоққа шығармау керек. Кәсіби мамандарға жүгіну – психолог, психотерапевт немесе психиатр көмегіне жүгінген дұрыс. Жақындармен сөйлесу – отбасы мен достардың қолдауы өте маңызды. Өмірлік қиындықтарды шешуге көмектесу – жағдайды жақсарту жолдарын бірге іздеген жөн, – дейді ол.
Сағым Нағашыбаева оқырмандарға егер жақындарыңыз немесе таныстарыңыз осындай қиындықтарға тап болса, дереу кәсіби көмекке жүгінуді ұмытпаңыз деген кеңесін айтты. Елімізде және басқада елдерде суицидтің алдын алу үшін арнайы сенім телефондары мен қолдау қызметтері бар екенін еске салды.
Сіздің жақындарыңыз қиын жағдайда болса, дереу психологқа, психотерапевтке немесе сенім телефонына хабарласыңыз. Көмек сұрау – әлсіздік емес, бұл батылдық пен өзін-өзі қорғаудың белгісі! Суицидке әртүрлі факторлар себеп болуы мүмкін және олар көбінесе бір-бірімен байланысты. Негізгі себептерді бірнеше санатқа бөліп қарастыруға болады, – деді сарапшы-психолог.
Суицидтің психологиялық себептеріне депрессия, мазасыздық, психикалық бұзылыстар жатады. Депрессия – адамның ұзақ уақыт бойы терең күйзеліске түсуі, үмітсіздік сезімі. Мазасыздық – үнемі қорқыныш немесе үрей сезімі, өмірден түңілу. Психикалық бұзылыстар – шизофрения, биполярлы бұзылыс, шекаралық тұлғалық бұзылыс болып саналады.
Әлеуметтік себептерін де айта кетейік. Біріншісі, отбасылық қиындықтар – ажырасу, ата-ананың қолдауының болмауы, үйдегі жанжалдар. Екіншісі, достармен немесе қоғаммен қатынастың бұзылуы – жалғыздық, әлеуметтік оқшаулану. Үшіншісі, буллинг және қысым – мектепте немесе жұмыс орнында қорлау, кибербуллинг. Төртіншісі, жұмыссыздық және қаржылық қиындықтар – кедейлік, қарыздар. Бесіншісі, мәдени немесе діни қысым – белгілі бір әлеуметтік нормаларға сәйкес келмеу, дискриминация, – дейді «Өркен» институтының жетекші ғылыми қызметкері.
Ал физиологиялық себептері гормоналды өзгерістер, алкоголь, есірткі қолдану және созылмалы аурулар. Гормоналды өзгерістер – жасөспірімдік шақтағы депрессия. Алкоголь және есірткі қолдану – адамның ойлау қабілетін төмендетіп, шешім қабылдауын әлсіретеді. Созылмалы аурулар – ауыр және жазылмайтын аурулар, физикалық ауырсыну жатады.
Суицидтің экзистенциалды, яғни рухани себептері де бар. Өмірдің мәнін жоғалту – үмітсіздік, өмірден түңілу, мақсаттың болмауы. Жақын адамды жоғалту – қайғы, жалғыздық сезімі. Кінә мен ұят сезімі – өткен қателіктер үшін өзін-өзі кінәлау. Ал кенеттен болатын факторлардың бірі күтпеген қайғылы жағдайлар – зорлық-зомбылық, жұмыссыз қалу, үлкен қаржылық қиындықтар. Екіншісі, импульсивті шешім – кейбір адамдар стресс жағдайында суицидті эмоцияға беріліп жасайды, – деді ол.
Сағым Нағашыбаеваның айтуынша, суицидтік мінез-қылықтың себебі тереңде жатыр. Бұл – күрделі мәселе.
Шартты түрде суицидті екі түрге бөлуге болады: шынайы және жалған суицид (демонстрациялық). Егер олардың біріншісі мұны шынымен жасау үшін өзін-өзі өлтіру ниетін жүзеге асыруды білдірсе, онда екінші форма басқалардың назарын өз проблемаларына аударуға бағытталған. Басқаша айтқанда, егер адам басқа жолдарды көрмесе, суицидке кету әрекеті орын алады. Адамдар өздеріне жақын адамдардың назарын аудару үшін осындай қауіпті қадамдарға бара алатынын түсіну өте өкінішті, – дейді сарапшы-психолог.
«Өркен» институтының жетекші ғылыми қызметкері суицидік ойдың болуы туралы мәселені ерекше атап өтті. Әдетте, өз-өзіне қол жұмсау туралы ой қиын жағдайға тап болғанда, мәселен, елеулі шығындардан (жақындары, жағдайы, күнкөріс көзі және т.б.) немесе зорлық-зомбылықтан (моральдық немесе физикалық) кейін пайда болуы ықтимал. Мұндай адамдар өздерін жеңе алмайтындай сезінуі мүмкін, бәрі мағынасыз болғандықтан олар ешқашан аяқ астынан тыныштық таппайды және бұрынғыдай өмір сүрмейді. Шындығында, көбінесе бұл жағдайды тым нашарлататын апатты ойлар.
Бәрі шынымен жаман болса да азапты жеңілдетуге және өміріңізді жақсартудың дұрыс жолын табуға болады. Бірақ кейбір адамдарға жағымды перспективаларды көру қиынға соғады, әсіресе олардың қолдаушы ортасы болмаса өте қиын. Егер өзіңізге орны толмас зиян келтіру туралы ойлар жиі пайда болса және олар жай ғана емес, шын мәнінде сізді шатастырып, үмітсіздікке әкелсе, бұл маңызды белгі болып есептеледі. Мұндай ойлар жүрегіңізді ауыртып, ауыр жағдайлармен күресудің басқа жолын көрмегендіктен туындауы мүмкін. Сол себепті психологқа, психотерапевтке немесе басқа мүмкіндік болмаса, жақын адамыңыздың көмегіне жүгініңіз, – деді Сағым Нағашыбаева.
Осы ретте сарапшы-психолог ата-аналарға арналған психологиялық кеңес те берді.
Қандай жағдай болмасын, балаға өзіңіздің оң көзқарасыңызды сақтаңыз. «Жәбірленуші» жеке өмірінде өзін кінәлі сезініп, бас тарпауы үшін жайлылық орнатыңыз. Баланы өз міндеттері мен проблемалардан қорғамаңыз. Бірақ, онымен бірге барлық проблемаларды шешіңіз. Құрдастарымен қарым-қатынаста шектемеңіз. Балаңызбен жиі сөйлесіңіз. Есіңізде болсын! Бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі ешнәрсемен алмастырылмайды. Ол өз бетінше жетіліп, өмір сүруі керек. Баланы болашақ өмірге дайындаңыз, болашағы туралы сөйлесіңіз. Өзіңіздің мінезіңізді бақылаңыз. Бала сізбен мақтануы керек, - деп сөзін түйіндеді «Өркен» институтының жетекші ғылыми қызметкері.
