Жаңалықтар

Суицид: Статистика не дейді? Жағдай түзелді ме?

Суицид: Статистика не дейді? Жағдай түзелді ме?
Фото: Коллаж El.kz 15.03.2025 12:23 136

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әр 40 секунд сайын бір адам өз өміріне қол жұмсайды.  Қазақстанда да бұл мәселе өзекті болып тұр. 2024 жылдың алғашқы сегіз айында суицид деңгейі аздап төмендегенімен, бұл жағдай жастар арасында әлі де алаңдатарлық. Суицидтің алдын алу үшін психикалық денсаулықты қорғауға, әлеуметтік қолдау көрсетуге және қоғамдық ақпараттандыру жұмыстарына көп көңіл бөліну керек.

Қазақстандағы жағдай

Қазақстанда өз-өзіне қол жұмсау мен өзін-өзі өлтіруге әрекеттену деңгейлері төмендеді. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы суицидтен 1526 адам, 2024 жылы 1454 адам қайтыс болған. Бұл сандарға қарасақ, өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының саны соңғы уақытта азайып келе жатқанын көреміз.

Суицид: Статистика не дейді? Жағдай түзелді ме?

инфографика

Ресми деректерде суицидке дейінгі нақты себептер толық қамтылмаған, бірақ белгілі бір факторлар кездеседі. 2022 жылы суицидтен 1774 адам қайтыс болған, бұған жалғыздық сезімі басты себеп болғаны айтылады. Сонымен қатар қиын қаржылық және тұрмыстық жағдайлар, ажырасу және ауыр аурулар да суицидтің себептеріне жатады.

Қазақстанда соңғы бірнеше жылда суицид оқиғаларының саны біршама азайғанымен, бұл мәселе әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2023-2024 жылдары суицидке қатысты себептердің қатарына әлеуметтік, экономикалық және психологиялық факторлар бірінші орын алады.

Суицидтің себептері мен факторлары

Мамандардың пікіріне сүйенсек, өз-өзіне қол жұмсаудың себептері әртүрлі және көп жағдайда бірнеше фактордың әсерінен туындайды. Ең жиі кездесетін себептердің бірі адамның жалғыздық сезімі, ол көбінесе депрессияның белгісі болып табылады. Бұл мәселе терең психологиялық және эмоционалдық жағдайларға байланысты.

Бұдан өзге қаржылық қиындықтар мен отбасындағы жанжалдар да суицидке әкелетін маңызды факторлар екені айтылған.

Сондай-ақ, мамандар адамдарды физикалық азаптайтын аурулар, мысалы, қатерлі ісік сияқты ауыр дерттер де суицидтің себебі болуы мүмкін деп санайды. Бұл жағдайларда адамның ұзақ уақыт бойы ауырсынуға төтеп беруі мүмкіндігі жоқ, сондықтан ол өлімді таңдайды.

Мамандар әр суицид оқиғасын жеке зерттеп, тергеу жүргізу арқылы осы факторларды нақтылай алады. Суицидке әрекеттенген адамдардың көпшілігі осы психологиялық, әлеуметтік, қаржылық қиындықтарға тап болған жағдайда өз-өзіне қол жұмсауға бет бұрады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасына сәйкес, 2023 жылы Қазақстан суицид бойынша әлемде 19-орынға көтерілді. Бұл жағдайлар арасында жасөспірімдер арасында 155 суицид оқиғасы тіркелген.

Ер адамдар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің ерекшеліктері

Қазақстанның әртүрлі аймақтарында суицид жағдайларының саны әртүрлі. Психолог-суицидологтардың мәліметінше, суицидке бару ықтималдығы әйелдерге қарағанда ер адамдар мен жасөспірімдер арасында жоғары.

Мәселен егер адамның өмірінде қиындықтар артып, ұзақ уақыт күйзелісте болса, онда оның ағзасындағы ресурстар таусылады. Әйелдер өздерінің күйзелісін сыртқа шығаруы мүмкін, бірақ ер адамдар көбіне ішке жиналып, өз мәселелерін ешкімге ашпайтын көрінеді.

Қазақстанда әскери қызметкерлердің арасында да суицид мәселесі алаңдатып отыр. Мәселен 2020 жылдан бері 270 әскери қызметкер қаза тапқан. Нақтырақ айтқанда, 2020 жылы 78, 2021 жылы 96 әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған. 2023 жылы 11 әскери қызметкер суицид жасаған.

Былтырғы жылы Қазақстанның қоғамдық даму институты жақында балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін зерттеу мақсатында кең ауқымды сауалнама нәтижелерін жариялады. Сарапшылардың деректеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 13,8%-ы өз таныстары мен жақындары арасында балалар немесе жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары болғанын мәлімдеген.

Суицид оқиғалары жиі кездесетін аймақтар арасында Алматы (25,4%), Астана (19%), Шымкент (16%), Қарағанды облысы (21,2%),

Батыс Қазақстан облысы (17,2%) және Атырау облысы (15,4%) айрықша атап өтілген.

Сауалнамаға қатысушылардың пікірінше, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің негізгі себептері физикалық және моральдық зорлық-зомбылық (30%), ата-аналар тарапынан түсіністік пен қолдаудың жетіспеушілігі (29,2%) және достардың бей-жай қарауы (28,3%) болып табылады. Сондай-ақ сауалнамаға қатысқан респонденттердің 27,3%-ы балалар мен жасөспірімдер арасындағы негізгі мәселе ретінде компьютер мен интернетке тәуелділікті көрсеткен.

Алдын алу шаралары

Суицидтің алдын алу – маңызды әрі күрделі мәселе, бұл жерде психологиялық, әлеуметтік және денсаулық сақтау аспектілері бар.

Суицидке бейім адамдарға кәсіби психологиялық көмек көрсету қажет. Психологтар мен психотерапевтер олардың ойларын және сезімдерін түсініп, олардың дағдарыс жағдайын жеңуге көмектесе алады.

Әр түрлі дағдарыс орталықтары мен кеңес беру бағдарламалары арқылы адамдарға көмек көрсету, оларға дұрыс қолдау көрсету маңызды. Суицидке бейім адамға жақын адамдардан қолдау мен түсіністік көрсету өте маңызды. Отбасылар мен достар өзара ашық байланыста болып, бір-біріне көмек көрсетуге тырысуы керек.

Депрессия, мазасыздық және басқа психикалық аурулардың алдын алу және емдеу маңызды. Бұл аурулар суицидтік ойларды тудыруы мүмкін, сондықтан ертерек анықтап, оларды емдеу қажет.

Ең бастысы, суицид мәселесін ашық түрде талқылау және көмек көрсету үшін қауіпсіз, түсінікті орта қалыптастыру қажет. Суицидті алдын алу үшін жеке адамдар, отбасылар, денсаулық сақтау жүйелері және қоғам бірігіп жұмыс істеуі тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға