Жаңалықтар

Суын айғырлары: аңыздан ақиқатқа

Біз білмейтін ұлы даланың қырлары
Суын айғырлары: аңыздан ақиқатқа
17.12.2018 12:38 19384

 

Суын айғырлары дегеніміз не?

Суын айғырлары – халық аңыздарында жиі кездесетін «теңіз жылқыларының» атауы. Мифтік көзқарас бойынша сүмбіле мен таразы айлары туғанда бұрыңғы Тетис, қазіргі Каспий теңізінен шығатын Қамбар атаның айырықша жаратылысын әр тұста өмір сүрген жылқышылардың келтірген деректерінен естиміз.

Судан шығатын жылқылар туралы аңыздардың барлығында «Хазар» немесе «Тетис» теңіздері айқын айтылады. Араға ұзақ жылдар салып бір-ақ күнде ғана жағаға шығатын суын айғырларын маңғыстаулық жұрт айырықша құбылысқа балаған. Тіпті, жапсарлас жатқан түркімен ұлтының аңыздарында да кездеседі. Су жылқыларының жағаға шығатын тұсын есептеген жергілікті халық сол түні тұлпарларын теңіз жағасына айдайтын көрінеді. Бұйра теңізден шығатын суын айғырлары бәріне болмаса да, көп аттың ішінен біріне шауып, тұқым қалдырады деп сенген. Ал, суын айғырының шатысынан туған құлынды ел көзінен оқшау, ерекше баппен ұстады. Кейін ойдағы-қырдағы атбегілер теңіз жылқысының қаны бар тұлпарға ырымдап биелерін әкелген дейді.

Аңыздар сөйлесін...

Ел ауызындағы аңызда, бір ұрғашы құлын есейген соң түсінде суынды көріп ғашық болады. Ретін тауып, жарық айлы түнде теңіз жағасын паналайды. Түнде жағаға шыққан суын айғыр жағадағы ту биеге шауып, одан құйрық-жалы сүйретілген, үстінен су тамшылап тұратын тұлпар туады деп айтылады.

Түркімен аңызында жылқы мен жылқышылардың пірі - Дүлділ ата болған деседі. Оның бейнесі қазақтағы жылқы пірі – Қамбар атанiкіне ұқсас, Хасарлы (Хазар) теңізінің Кендірлі шығанағы Темір Баба жерінде үстінен су тамшылап жүретін, қасиетті мифтік кейіпкер болғаны айтылады. Дүлділ атаның моласы да осы жерде қалған.

Белгілі зерттеуші Серікбол Қондыбайдың еңбектерінде жазылған Қамбар ата туралы аңыздың көркемдік нұсқасы, мынау, қазақы түсінікте Қамбар деген жұлдыз бар, ол күзден бастап көктем туған шаққа дейінгі аралықта түнгі аспаннан көрінеді-міс. Жергілікті жұрт осы мезгілді «Қамбар тоғысы» деп атайды деген. Демек, Қамбар ата - көк жүзінен бірде адам, бірде ақ боз ат кейпінде кездесетін миф. Түркіменнің Дүлділі мен қазақтың Қамбар атасына ортақ бір құбылыс – олардың су стихиясымен байланысты болуы. Мәселен, ертеректе айтылатын: «Көл иесі Қамбар-ау, Шөл иесі Қамбар-ау, қарағыма көз сал-ау» деген ауыздан ауызға жеткен жыр жолдары нақтылайды.

Суын жылқысы туралы аңыздар Адай шежіресінде де кездеседі. Кіші жүздің кіші ұлының шежірелік әкесі – Елтай есімді кісі кей деректерде «Сириус» жұлдызы, ал, кей әңгімелерде суын айғырларының бейнесінде сипатталған. Шежіреде Елтай деген жігіт Қыдырбайдың он ұлдан кейінгі қызы Ханбибіні әйелдікке алады, одан Адай туады. Осы жердегі Қыдырбай бейнесінің астарында "теңіз және теңіз жылқыларының иесі" деген мифтік бейне жатыр. Ал, Ханбибі - таңғы Шолпанның келбеті. Осы аңызда Шолпан "жұлдыз" суын бие кейпінде суреттелген.

Суын сөзінің тегі «сүйін биелері» деген ұғымнан туындағанын Мұрын жырау айтқан «Қарасай-Қази» жырындағы: «Сексендегі Көкше бар, Көкшенің мінгені Тарлан ат, Анасы еді Сүйін бие...» дейтұғын жолдардан оқыдық. Көкше батыр – Уақ руынан шыққан Қамбар атаның ұрпағы, ерекше тұлпарлардың иесі ретінде айтылады.

Жырдағы Қарасай есімді кейіпкер ноғайлы батыры Көкшеден «Көкбұйра» атты атын даулаулайды. Бұл, жәйт «Қарасай-Қази» жырының Мұрат Мөңкеұлы орындаған нұсқасында да көрініс тапқан.

Ал, маңғыстаулық Ұзақбай жыраудың «Орақ-Мамай» жырына сүйенсек, ержүректігімен даңқы асқан Көкше батырдың қолтығында құс қанаты бар қызыл тұлпарын Орақ батыр міне алмай арманда кеткені жырланады.

Тарихшы-шежірешілердің пайымы бойынша, теңіз жылқылары «Суын айғыр» және «Сүйін бие» атауларымен қолданылған. Көкше батырдың «Тарлан», «Көкбұйра» делінген тұлпарлары – біздің зерттеудегі суын жылқыларының ажырамас қосағы болып қалмақ.

Аңыздарды қорыта келгендегі түсінік мынадай, Каспий теңізінен шығатын суын айғырлары жәй ғана жылқылар емес, елге береке, ырыс әкелетін және халық пір тұтатын аталардың мифтік образы болуы да ғажап емес.

Ақиқатқа ойысайық

Аңыздың ақиқатқа жанасар және бір тұсы, Маңғыстауды қоныс еткен Саназар байдың тұлпарлары және Шотықбайдың сұр аттары туралы көзкөрген деректер.

Саназар бай – тарихи түбектегі белгілі тұлғалардың бірі. Ол биелерін Маңғыстаудың Темір Баба дейтін жерінде теңізге сұңғыла еніп жатқан тілше құмға айдапты. Мақсаты, суын айғырына шатыстыру. Көздеген мақсатына жеткен байдың бір үйір айырыша жылқысы болған. Ал, болмысынан текті тұлпарларды бір көрмекке, қала берді, будандастыру үшін алыстан ат артып келетіндер де болған.

Жазушы-шежіреші Бисембі Әріптің еңбектерінде үйіріне суын айғырлары шапқан Шотықбай туралы әңгіме XVIII ғасырдың тұсында болған деп топшылайды. Шотықбай аңыздан гөрі ақиқатқа келетін тұлға. Оның ұрпақтары Маңғыстауда қазір де өмір сүруі бек мүмкін, әрине, зерттеуді, іздестіруді қажет етеді.

Әлі күнге маңғаз мекеннің көнекөз қариялары аузынан «Шотықбайдың сұр аттары» деген сөздерді естиміз, демек, аңыз ақиқатқа ұласады.

Бүгінгі көзқарас

Табиғи бітім-болмысы тұрғысында түркіменнің «Ақалтекесі» мен әлем таныған Адай жылқысының түп-тамыры – суын айғырлары деп тұжырымдалып жүр.

Суын айғырлары көзге көрінер кезді жергілікті жұрт ырыс-құты асып, берекеге кенелетін сәтіне санайды. Сол себепті, аңыздан астарынан ақиқатқа ұласқан теңіз жылқыларына деген түсінік қаз-қалпында қала бермек.

2018 жылы бес елдің басшысын бір арнаға тоғыстырған «Каспий Саммиті» тұсында Ақтаудағы 15-шағынаудан жағалауынан бой көтерген алпауыт амфитеатрдың маңдайшасы ретінде «Суын айғырының» ескерткіші орнатылды. Бұл, аңыз оқып, шежіре жаттаған бүгінгі ұрпақтың өткенге айтқан салауаты.

(Сурет ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға