Суару үшін: Қазақстан Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су алады

Қазақстан биыл суару кезеңінде Сырдария өзені арқылы шамамен 3,7 млрд текше метр су алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан мемлекеттеріндегі әріптестерімен осы жөнінде келісімге келді.
Министрлік мәліметінше, Самарқандта Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 89-шы отырысы өтті.
Ал «Достық» мемлекетаралық каналымен суару кезеңінде Қазақстанға 909 млн текше метр су келеді. Солтүстік Аралға 975 млн текше метр су жіберу жоспарланып отыр.
Қазір біз тасқын суды өзен-көлдерге бағыттап, оны су қоймаларына жинап жатырмыз. Алайда оңтүстік аймақтарға келетін болсақ, су дипломатиясы өте маңызды. Жазғы суару кезеңіне дайындық аясында біз былтырдан келіссөз жүргіздік. Сырдария өзені арқылы Қазақстанға келетін су Шардара қоймасынан жиналып, оңтүстік облыстардың шаруаларын қамтамасыз ету үшін пайдаланылады. Былтыр суды тиімді бөлу, су үнемдеу технологияларын енгізу және көрші елдермен уақтылы келіссөз жүргізу арқылы біз шаруа қожалықтарының суармалы суға деген қажеттіліктерін толық қанағаттандыра алдық. Биыл да осыған қол жеткізуге ниеттіміз, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Еске сала кетсек, өткен жылдың қазан айынан бері осы жылдың 1 сәуіріне дейін Өзбекстан Қазақстанға 12,6 млрд текше метр су жіберген болатын. Бұл жоспарланған көлемнен 1,7 млрд текше метрге артық.
