Жаңалықтар

Суарес бастаған «Селесте»

Уругвай – әлемдік додада топ жарған мемлекеттердің ішіндегі ең кішісі әрі халқының саны аз ел.
21.05.2014 06:18 3786

Футболдан төрт жылда бір өтетін әлем чемпионаты жайлы айтылғанда, ауызымызға алдымен Уругвай түседі. Олай дейтін себебіміз, алғашқы әлем біріншілігі 1930 жылы осы елде ұйымдастырылды әрі бас жүлде де алаң иелеріне бұйырды. Араға 20 жыл салып Бразилиядағы дүниежүзілік жарыста тағы да топ жарып, әйгілі «Маракана» стадионында өткен финалдық бәсекеде алаң иелерін сенсациялы түрде жеңді.

Суарес бастаған «Селесте»

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

Уругвай құрамасы

Бас бапкер: Оскар Табарес

Команда капитаны: Диего Лугано

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Диего Форлан  ( 107)

Ең көп гол соққан ойыншы: Луис Суарес  (39)

ФИФА рейтінгісіндегі орны: 6

Уругвай – әлемдік додада топ жарған мемлекеттердің ішіндегі ең кішісі әрі халқының саны аз ел.

Жалпы, 1920-1950 жылдар Уругвай футболының алтын кезеңі саналады. 1924 және 1928 жылдардағы Олимпиада ойындарының бас жүлдесін ешкімге бермеді. Оған қоса екі әлем біріншілігінің алтынын да қанжығаларына байлады. Сондай-ақ Оңтүстік Америка кубогында 15 рет жеңіске жетіп, өзіндік рекорд орнартты.

1950 жылы екінші рет чемпион атанғаннан кейін әлемнің үздік құрамаларының қатарында жүрді. Екі рет жартылай финалға дейін жетіп (1954 және 1970 жылдары) төртінші орын алды. Бірақ жеңімпаз атану одан кейін бұйырған жоқ.

1980 жылы алғашқы әлем біріншігінің 50 жылдығына байланысты Алтын кубок турнирі ұйымдастырылды. Оған сол уақытқа дейін чемпион атанған құрамалар және Англияның орнына екі рет екінші орын алған Нидерланды қатысты. Барлық ойындар Монтевидео қаласындағы тұңғыш чемпионаттың финалдық кездесуі өткен «Сентенарио» стадионында ойналды. Сол жылдары Антонио Касас, Энцо Франческоли, ПаблоДутра, Рубен Маркес, Рубен Соса бастаған жұлдыздар барлық қарсыластарын ұтып, арнайы кубокты иеленді.

Арада 40 жыл өткенде Уругвай құрамасын әлемдік доданың жартылай финалынан қайта көрдік. Қара құрлықтағы доп додасының жартылай финалында оларды Нидерланды тоқтатты.

Қазіргі кезде төрт жыл бұрын өнер көрсеткен құрама футболшыларының басым бөлігі Бразилияға да сапар шегеді. Уругвай халқының футболшыларына деген сенімі зор. Әйткенмен оларға топтық кезеңнің өзі оңайға соқпайтыны түрі бар. Себебі Италия, Англия, Коста-Рика құрамаларының қай-қайсысы болсын қауіпті қарсылас.

Қазіргі құрам

Уругвай құрамасына 2006 жылы жергілікті маман Оскар Табарес бас бапкер болып тағайындалды. Табарес келгелі құраманың ойыны жандана түсті. Оның айғағы – ОАР-да өткен әлем біріншілігі мен 2011 жылғы Америка кубогы. Соңғысында «Селесте» (құраманың лақап аты) чемпион атанды. Бапкердің сол жетістігін бағалаған КОНМЕБОЛ оны 2010 және 2011 жылғы Оңтүстік Американың үздік жаттықтырушысы деп таныды.

Оскар бапкер Бразилия жерінде әдеттегідей қақпа бағанын Фернандо Муслераға («Галатасарай»)  сеніп тапсырады. Одан бөлек Мартин Силва («Васко да Гама»), Родриго Муньос («Либертад») секілді екі қосалқы қақпашы бар.

Қорғаныс шебін Диего Лугано («Вест Бромвич»), Хосе Мария Хименес Диего  Годин (екеуі де «Атлетико»), Макси Перейра («Бенфика»), Хорхе Фусиле («Сантос»), Маурисио Викторино («Крузейро»), Себастьян Коатес  («Насьонал»), Мартин Касерес («Ювентус») құрайды.

Қорғанысқа тірек болып әрі команданың жаңа шабуылын бастайтын артқы жартылай қорғаушының міндетін «Парма» ойыншысы Вальтер Гаргано атқармақ. Оң қаптал Альваро Гонсалестің («Лацио»), сол қаптал Кристиан Родригестің («Атлетико») мойнында. Ал шабуылдаушы жартылай қорғаушының қызметі соңғы кездері Англия Премьер-лигасында көзге түсіп жүрген Гастон  Рамиреске («Саутгемптон») бұйыруы мүмкін. Бұл ойыншылармен қатар Альваро Фернандес («Насьонал»), Николас Лодейро («Ботафого»), Альваро Перейра («Сан-Паулу»), Себастьян Ледесма («Палмейрас»), Эхидио Аревало Риос («Морелия»), Диего Перес («Болонья»), Алехандро Силва («Ланус») – керек кезде алаңға шығуға дайын ойыншылар.

Уругвайдың шабуылында әлемнің ең жұлдызды ойыншылары өнер көрсетеді. Әсіресе Луис Суарес  («Ливерпуль») пен Эдинсон Каваниді (ПСЖ) кез келген клуб өз қатарынан көргісі келеді.  Бразилия жерінде бұл елдің құрамасын осы екі шабуылшы алға сүйреуі тиіс. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, Угувайды талай жыл өрге сүйреген Диего Форланның («Сересо Осака») бұл соңғы әлем біріншілігі болуы мүмкін. Сонымен қатар Себастьян Фернандес  («Райо Вальекно»), Кристиан Стуани («Эспаньол»),  Абель Эрнандес («Палермо») секілді футболшылар да Бразилияға аттанатындардың қатарында.

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

14 маусым. Форталеза. Уругвай – Коста-Рика

19 маусым.Сан-Паулу. Уругвай – Англия

24 маусым. Натал. Италия – Уругвай.

Бек Төлеуов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға