Жаңалықтар

Су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй берудің қосымша механизмі енгізілді

Су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй берудің қосымша механизмі енгізілді
Фото: Коллаж El.kz 23.04.2024 17:30 897

Үкімет су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың тұрғын үй мәселесін жедел шешу мақсатында қосымша механизмдер әзірледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қосымша механизмдер мыналар:

- әкімдіктермен дайын пәтерлер сатып алу;

- зардап шеккен азаматтардың бекітілген жобаға сәйкес өз қалауымен баспана таңдауы;

- әкімдіктермен жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе олардың шығындарын өтеу.

Сонымен қатар, жалғыз баспанасынан айырылған саяжай тұрғындарына да қолдау көрсетілетін болады.

Қазіргі таңда әкімдіктермен жаңа құрылысқа жер учаскелерін таңдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында құрылыс жұмыстары басталды, ал Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарында дайын жаңа баспана кілттері табысталып жатыр. Бұл жұмыстар басқада өңірлерде жалғасатын болады.

 

«Су басқан үйлердің ауласындағы уақытша құрылыстарды мемлекет қалпына келтірмейді»

Су тасқыны тұрғындардың үйлеріне ғана зақым келтірмеді, олардың ауласындағы монша, қора және басқа да құрылысы енді басталып жатқан обьектілерді қолдануға жарамсыз қылды. Бұл мәселеге жауапты маман ретінде бекітілген өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев төтенше жағдай заңы бойынша тұрғындарды тек баспанамен қамтамасыз ететінін түсіндірді.

Қазіргі таңда 100 АЕК көлемінде өтемақы беріліп жатыр. Біздің ең басты мақсат – баспанамен қамтамасыз ету. Біз тек баспанамен қамтамасыз етеміз. Басқаларды біз қайтып тұрғызбаймыз. Аз ресурстарды қораға, басқасына жұмсауға болмайды, - деді министр.

Су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй берудің қосымша механизмі енгізілді

Сурет: ТЖМ

Қанат Шарлапаев үйі суға кеткен саяжай тұрғынының қалада баспанасы болса, онда ол адамға баспана беру қарастырылмайтынын атап өтті.

Сөзінше, жалғыз баспанасынан айырылған саяжай тұрғындарына да қолдау көрсетіледі. Егер су тасқынынан залал келген үй сол адамның жалғыз баспанасы болса, онда мұндай жандарға мемлекет тарапынан арнайы қолдау бар. Бірақ бұл жалғыз баспанасы болса ғана. Алайда бұзылған үйді мемлекет қайта тұрғызып бермейді. Егер қалада ол адамның баспанасы болса, онда баспана беру қарастырылмайды.

Мемлекет ешкімнің қолына ешқандай қаражат бермейді. Өйткені жауапкершілігі бар және жоқ адамдар болады. Егер үйді қайта тұрғызуға қолға қаражат берілсе, ол адам қаражатты басқа мақсатқа жұмсауы мүмкін. Мемлекеттің шешімі осындай. Әр зардап шеккен адамның таңдауы бар, біріншіден, қайта тұрғызу, екіншіден, әкімдіктер арқылы екінші нарықтан пәтер алу. Осы екі таңдаудың бірін пайдалануға болады, – деді өнеркәсіп және құрылыс министрі.

Су тасқынына зардап шеккен үйлердің жөндеу жұмысын әкімдік немесе құрылыс компаниясы жасайды.

Бірнеше өңірде әкімдіктердің шешіміне сәйкес, тек жөндеу жұмыстарына қолға қаражат берілуі мүмкін. Үйді қайта тұрғызу үшін қаражатты азаматтардың қолына бермейміз. Ал төтенше жағдай кезінде үйлер салуға тендер жарияланбайды. Тікелей келісімшарт жасалады. Егер біз тендер жасасақ, ол бірнеше айға созылып кетеді. Құрылыс жұмыстарын созбау үшін тікелей келісімшартқа отырып жатырмыз, – деді Қанат Шарлапаев.

Су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй берудің қосымша механизмі енгізілді

Сурет: ТЖМ

Айта кетейік, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бұған дейін су тасқынынан зардап шеккендерді баспанамен қамтамасыз ету үшін әр үйге 22 млн теңге қаржы жұмсалатынын айтқан.

Су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй берудің қосымша механизмі енгізілді

Сурет:ТЖМ

Тұруға жарамсыз үйлер анықталып жатыр

Бүгінде еліміздің су басқан аймақтарында келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр. Ол үшін арнайы комиссия да құрылды.

Бүгінде су басқан мыңдаған үйдің ішінде тұруға жарамсыз деп танылғандары бар. Министр солардың бірқатарына тоқтала кетті.

Құлсары қаласында 2700-ден астам үйді су басты. Олардың көбінен су әлі кетпеді. Петропавлда 2 мыңға жуық үйлер су астында қалды, су әлі кеткен жоқ. Қазіргі таңда жұмыстарды екі мәселеге бөлдік. Су басқан бірнеше өңірде – Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облысында технологиялық тексеру жүргізіп жатырмыз. Басқаларды су кеткеннен кейін қараймыз. Мысалы, Ақтөбе облысының жартысында техникалық тексеру жасалды. Су басқан 1176 үй бар, олардың ішінде 537-сі жарамсыз, оны қайтып тұрғызу қажет болады, - деді ведомство басшысы Үкіметте өткен брифингте.

Бүгінде еліміздің су басқан аймағындағы 11 мыңға жуық отбасы 100 АЕК (369 200 теңге) мөлшерінде төлем алды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов қосымша тағы 150 АЕК-ке дейін төлейтін айтты. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып ала алады.

Су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй берудің қосымша механизмі енгізілді

Сурет:ТЖМ 

Су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй берудің қосымша механизмі енгізілді

Сурет: ТЖМ

Су тасқынынан 444 миллион доллар шығын келді

Биылғы қызыл судың беті әлі қайтпады. Дегенмен сарапшылар шығын көлемін шамалап берді. ANI Analytics telegram парақшасындағы мәлімет бойынша, дүниежүзілік банк биылғы тасқын судан 444 млн доллар шығын келген деп есептеген.

Атамекен ұлттық палатасы ұсынған алдын ала дерек бойынша су тасқыны салдарынан шағын және орта бизнеске 12,7 млрд теңге шығын келді. Шығынға батқандардың 1/3 ауыл шаруашылығымен айналысқан. Ал өтемақы өтініш пен тиісті құжаттар қабылданған сәттен кейін 5 күн ішінде аударылады.

Бүгінгі күнгі дерек бойынша 470-тен астам кәсіпкерлік субъекті зиян шеккен. Су тасқынының беті әлі қайтпады. Демек, бұл көрсеткіш әлі де өседі дегенді білдіреді.  

Зардап шеккен өңірлерге жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік ұйымдар және жеке секторлар гуманитарлық көмек ретінде қаржы аударып жатыр. Бүгінде ол қаражаттың көлемі 140 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар, Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбекстан гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік пен жеміс-жидек және басқа да қажетті заттарды жолдады. Қазақстандықтар да үйінен айырылған азаматтарға көмек қолын созуда.

Су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй берудің қосымша механизмі енгізілді

Сурет:ТЖМ

Су тасқынының алдын алуға бөлінген 1 миллиард  теңге жымқырылған

Бұқаралық ақпарат құралдарында Қаржылық мониторинг органдары Алматы қаласында, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облыстарында жымқыру белгілері бойынша төрт іс қозғаңаны жөнінде ақпарат тарады. Нәтижесінде 5 адам күдікті деп танылып, 1 млрд теңгеден астам залал тіркелген.  

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасы Дмитрий Малаховтың айтуынша, гидротехникалық нысандарды салуға бөлінген қаражаттың жұмсалуын тексеріледі.

Агенттіктің аумақтық департаменттерінің басшылары мемлекеттік органдар мен шаруашылық субъектілерінің қызметіне араласпай, бөгеттер, су бұру объектілерін салу, сондай-ақ өзен арналарын тереңдету үшін ақшаны ұтымды пайдалануды зерделеуі қажет, - деп тапсырды Дмитрий Малахов. 

ҚМА басшысы орын алған су тасқыны салдарды жою үшін бөлінген ақшаны мақсатты пайдалану мен көмек зардап шеккен барлық азаматтарға нақты жетуді қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, алдын-алу жұмыстары зардап шеккендерге көмектесу үшін ақша жинауды жариялайтын алаяқтарға қарсы тұруға бағытталатын болады.

Бағаның өсуіне жол бермеуге ерекше назар аудару тапсырылды. Ол үшін азық-түлік, ауыз су, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттар бағасының мониторингі жалғасатын болады. Агенттік сонымен қатар құрылыс материалдарының бағасымен алыпсатарлық тәуекелдерін алдын алу қызметін де жандандырады. Анықталған фактілермен күрес аналитикалық құралдарды пайдалана отырып жүргізілетін болады.

Су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй берудің қосымша механизмі енгізілді

Сурет:ТЖМ

Қорыта келгенде, Агенттік басшысы бағаны негізсіз көтеруге жол бермеу бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмысты жандандыруды және ықтимал манипуляцияларды болдырмау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға