Жаңалықтар

Су тасқынынан зардап шеккендерге мыңдаған ерікті көмектесіп жатыр

Су тасқынынан зардап шеккендерге мыңдаған ерікті көмектесіп жатыр
Фото: instagram/zhascongress.astana 01.04.2024 17:15 848

Ақмола облысындағы ауыл-аймақтарда су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге мыңдаған ерікті көмек көрсетіп жатыр. Біз Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры Бақдәулет Жанділдаевтан мән-жайды сұрап білдік, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Университет, колледж студенттері, жалпы ел қасіретіне бей-жай қарамайтын жанашыр азаматтар арықтар мен арналарды тазалап, еріген қар суынан жолдардың барлығын бөгеп әлек. 

Бүгінде су тасқыны қаупі БҚО, Қостанай және Ақмола облысында сақталып отыр. Осыған орай еріктілер тобы арнайы көмек көрсету пунктін жасақтады. Қазірдің өзінде аудан тұрғындары мен кәсіпкерлер қатары пункттің көмегіне жүгінуде.

Еріктілер Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақмола облысының ТЖД қызметкерлеріне белсенді түрде жәрдем беруде. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен территориядағы тұрғындарға қол ұшын созып отыр.

Елдегі төтенше жағдай басталған күннен бері еріктілердің жұмысы жалғасуда. Белсенділер мен еріктілер Ақмола облысындағы Қоянды, Талапкер ауылдары мен  облыстағы су басу қаупі бар аумақтарда жұмыс жасауда. Мақсат - су басу қаупінің алдын алу. Бірнеше күннен бері төтенше жағдайлар қызметкерлеріне арнайы суды бөгеттеу үшін қапқа салынған құмдарды әзірлеуге, арықтарды тазалауға көмек көрсетілді. Әлі де көрсетілмек, - деп жағдайды түсіндірді Бақдәулет Жанділдаев.

Белгілі болғандай, Астанадан Қостанай облысына 3 жүк көлікпен 20 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.

Су тасқынынан зардап шеккендерге мыңдаған ерікті көмектесіп жатыр

Фото: instagram/zhascongress.astana

Азық-түлік өнімдері, жеке бас гигиенасының заттары, арнайы жылытқыш құралдары, сондай-ақ ғимараттарды кептіруге арналған өндіріс техникалары, күректер, бөгеттеу үшін құм салатын қаптарды әкелдік. Бүгінде Қостанай облысының Амангелді ауданындағы су басқан ауылдарды аралап, төтенше жағдайлар қызметкерлеріне, штабқа көмек көрсетудеміз,-деді конгресс басшысы.

Су тасқынынан зардап шеккендерге мыңдаған ерікті көмектесіп жатыр

Фото: instagram/zhascongress.astana

Су тасқынынан зардап шеккендерге мыңдаған ерікті көмектесіп жатыр

Фото: instagram/zhascongress.astana

Айта кету керек, әр ауданда еріктілер штабы құрылған. Штабтағы волонтерлер саны әртүрлі. Құрамында студенттер де, жұмысшы жастар да бар.

Әзірге логистика тұрғысынан аймақтарда қиындық жоқ. Алайда біз жоспарлап отырған кейбір аймақтарда қазір жол жоқ екенін, жолдарды шайып кеткені туралы ақпарат алып отырмыз,-деп нақтылады Жанділдаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға