Жаңалықтар

Су тасқынынан зардап шеккен саяжай тұрғындарына Оралдан пәтер берілді

Су тасқынынан зардап шеккен саяжай тұрғындарына Оралдан пәтер берілді
Фото: primeminister.kz 26.06.2024 21:41 644

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысының қарқыны мен сапасын тексерді, сондай-ақ Қаратөбе, Сырым және Теректі аудандарының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қаратөбе ауданының Қоржын ауылында «Ақжайық» қоры есебінен 2,8 млрд теңгеге 90 типтік үй салынуда. Үйлерді тамыз айында тапсыру жоспарланып отыр.

Сырым ауданының екі ауылында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Өлеңті ауылында «Қазақстан халқына» қоры есебінен 1,1 млрд теңгеге 36 типтік үй салынуда. Жұмыс мамыр айында басталған, жаз соңына аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ қор Жымпиты ауылында 1,3 млрд теңгеге 42 үйдің құрылысын қаржыландырады.

Әрі қарай вице-премьер Теректі ауданы Подстепное ауылындағы мердігерлердің жұмысын тексерді. Мұнда 2,9 млрд теңгеге 105 үйді «Qazaq Stroy» ЖШС демеуші компаниясы салып жатыр. Қанат Бозымбаев мердігерлерге құрылысты белгіленген мерзімнен кешіктірмеу маңызды екенін атап өтті. Олар тамыз айының соңына дейін үйлерді тапсырамыз деп сендірді. 

Вице-премьер тұрғын үй қорын қалпына келтіру қарқынын арттыру үшін Батыс Қазақстан облысына МСҚБ мамандары мен еліміздің басқа өңірлерінен бағалау компаниялары келгенін хабарлады. Сондай-ақ оңтүстік облыстардан жұмыс күші мен техника тартылады. Облыста керекті құрылыс материалдар жеткілікті мөлшерде.

Орал маңындағы Деркөл кентінде 103 типтік үй пайдалануға беріледі. Қанат Бозымбаев құрылыс алаңында болып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын тексерді. Тұрғын үйлер 2,5 млрд теңге сомасына «Ақжайық» қоры есебінен салынуда.

Оралдың саяжай тұрғындарына қала орталығынан пәтерлер беріле бастады. Вице-премьер «Азимут» жаңа тұрғын үй кешенінде баспана кілтін тапсыру рәсіміне қатысты. Бүгінде 15 отбасы пәтер иегері атанды, оның 7-еуі  көпбалалы отбасы. 

Менің төрт балам мен сегіз немерем бар. 2010 жылдан бастап осы саяжайда тұрдық. Көктемде су тасқыны болды. Бірақ мемлекет бізді тастамады. Бізді қолдады және баспана берді. Әрине, саяжайды қала орталығындағы жаңа пәтермен салыстыруға келмейді. Мұнда мен екі баламмен және немерелеріммен бірге тұрамын. Президент ешкімді қиындыққа қалдырмайтынын айтқан кезде, бізге үміт сыйлады. Біз күттік. Көмектескен бизнесмендерге көп рақмет, шетте қалмаған қазақстандықтардың барлығына рақмет, — деді Орал тұрғыны Мұрат Мәсілов. 

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, аталған тұрғын үй кешеніндегі 71 пәтер су тасқыны кезінде жалғыз баспанасынан айырылған саяжай тұрғындарына берілмек. Пәтерлер «AstanaMotors» ЖШС демеушінің  есебінен жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге сатып алынуда. 

Батыс Қазақстан облысында барлығы 1,8 мыңға жуық жұмысшы тартылды және 300-ден астам техника жұмылдырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға