Жаңалықтар

Су тасқыны: Тоқаев тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын жеке бақылауына алады

Су тасқыны: Тоқаев тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын жеке бақылауына алады
Фото: t.me/qr_tjm 25.04.2024 13:18 937

Мемлекет басшысы ҚХА сессиясында су тасқынынан зардап шеккен азаматтар экономикалық әлеуеті зор және экологиялық ахуалы жақсы елді мекендерден баспана алып немесе үй салып, қоныс аудара алатынын еске салды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қауіпті жерде орналасқан елді мекендерді көшіру туралы шешім тасқын судан зардап шеккен әрбір отбасының пікірін ескере отырып, жан-жақты ойластырып қабылданады. Үйін өз күшімен қалпына келтіремін деген азаматтарға өтемақы төлеудің бөлек жолдары қарастырылады. Ең бастысы, қаражат баспананы жөндеуге жұмсалуы керек. Шығынды өтеу және мүлікті қалпына келтіру туралы өтінім беру үдерісі цифрлық форматта жүзеге асырылады, - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, әрбір елді мекен жұртқа жәрдем беруге ниет білдірген ірі кәсіпкерлерге бекітіліп беріледі. Сол арқылы бөлінген қаржының қайда жұмсалып жатқанын нақты көруге болады. Тоқаев тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмысы жеке бақылауында екенін айтты.

Бұдан бөлек қарғын судан зардап шеккен адамдардың несиесін төлеу мерзімі үш айға дейін шегерілгені сөз болды.

Төтенше жағдайға байланысты төлем уақытын өткізіп алған борышкерлерге айыппұл және өсімпұл салынбайды. Бұдан бөлек, мемлекет табиғат апатынан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне, су шайып кеткен аудандардағы шаруаларға қолдау көрсетеді.

Атап айтқанда, осы өңірлердегі кәсіпкерлер мен шаруалардың несиесіне және лизинг төлемдеріне қатысты пайыздық өсімді төлеу мерзімі кейінге шегеріледі. Сондай-ақ егіс науқанын уақтылы және ойдағыдай өткізу үшін диқандарға қажетті көмек беріледі. Тағы да қайталап айтамын: осы қиын-қыстау кезде ешкім ескерусіз қалмайды. Мемлекет барлық міндеттемесін толық орындайды, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға