Жаңалықтар

Су тасқыны салдарынан 8 мың бас мал өлді

Су тасқыны салдарынан 8 мың бас мал өлді
Фото: ТЖМ/Видеодан кадр 10.04.2024 12:15 1379

Су тасқыны кезіндегі шығынды барынша азайту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыс әкімдіктері 88 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз аумаққа шығарды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Олжас Тілебалдиннің айтуынша, жедел деректер бойынша өлген мал саны – 8,1 мың, оның ішінде ұсақ мал – 6 мың, ірі қара – 1,5 мың, жылқы 514 басты құрайды. Республикалық эпизоотияға қарсы отряд тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында жануарлардың өлекселерін жою жұмыстарын қарқынды жалғастыруда.

Бүгінгі таңда 4,1 мың бас өлген мал жойылды. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша бұл жұмыс күшейтілген режимде жалғасады. Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабпен өлген мал иелеріне өтемақы төлеу алгоритмі әзірленіп, бекітілді. Меншік иелері мен залалды анықтау және басқа да мәселелерді шешу үшін өңірлерде жергілікті атқарушы органдармен шығынды анықтау жөніндегі комиссиялар құрылды, - деді ол.

Ауыл шаруашылығы жануарларына меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады. Меншік иелеріне өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялаған жануарлардың түрлері, жынысы мен жас шамасы бойынша нарықтық құны туралы мәліметтер негізінде айқындалатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға