Жаңалықтар

Су тасқыны. Өңірлердегі ахуал қандай?

Су тасқыны. Өңірлердегі ахуал қандай?
Фото: ТЖМ 22.04.2025 13:49 177

Биыл 1 наурыздан бастап 5,2 миллионнан астам текше метр су сорылды, 684 мың қапшық және 44 мың тонна инертті материалдар төселді. Сонымен қатар 842 мыңнан астам метр су бұру арықтарын тазарту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Авариялық-құтқару жұмыстарына 288 адам, 121 бірлік техника, 33 мотопомпа және 6 жүзу құралы жұмылдырылды. Су тасқыны қаупі жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ТЖМ, ІІМ, ЖАО және басқа да ұйымдардың қызметкерлері жұмылдырылды.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы автомобиль жолдарының 2 учаскесінде  тасыған су бақылауда. 1 елді мекен көлік қатынасынсыз қалуда, бұл Ақмола облысы Астрахан ауданының Ескі Қалқұтан ауылы, онда тұрғындар үшін  өткел қамтамасыз етіліп, ауылға кірме жолды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта үш өңір бақылауда: Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары.

Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыс аумағының 38%-ында қар жатыр. Ауа температурасының жоғарылауына байланысты шағын өзендер суға толуы мүмкін. Су тасқыны қауіпті учаскелерде су деңгейіне тұрақты өлшеу жүргізіледі.

Солтүстік Қазақстан облысында өзендерге мониторинг жүргізіледі, жағдай тұрақты. Заречное кентінде қаптарды төсеу және қорғаныш біліктерін нығайту бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда.

Абай облысында өзендердегі гидрологиялық жағдай тұрақты, өзендердегі мұз толығымен еріп кетті,  мониторинг жалғасуда. Жазық аумақта қар еріп, өзендердегі мұз жүру аяқталды, қар тек Тарбағатай тау жоталарында байқалады.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ықтимал тәуекелдерді барынша азайта отырып, су тасқыны жағдайындағы өзгерістерге жедел ден қоюды жалғастыруда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға