Жаңалықтар

Су тасқыны кезінде қаза тапқан құтқарушы «Айбын» орденімен марапатталды

Су тасқыны кезінде қаза тапқан құтқарушы «Айбын» орденімен марапатталды
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі 21.06.2024 19:33 635

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде су тасқыны кезінде қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан  Бейбарыс Рақым еске алуға арналған жиын өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға ТЖМ аппарат басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Ерғали Бахаев және департамент қызметкерлері мен марқұмның туыстары қатысты.

Аталған шара 1 минут үнсіздікпен қаза тапқан құтқарушыны еске алумен басталды.

Шара барысында Ерғали Бахаев министр Шыңғыс Әріновтың атынан қайғырып көңіл айтып, №1 МӨСБ бөлімше командирі марқұм Бейбарыс Рақымның туыстарына «Қызметтік және азаматтық борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін» Рахымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыстады. Қайтыс болған құтқарушы Президент жарлығымен марапатталды.

Ведомство мәліметінше, облыстық ТЖД бастығы, полковник Нұрлан Жаңабаев және ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтжан Дүйсекенов өз кезектерінде құтқарушының ерлігін, қаза тапқан әріптесіміз батылдықтың символы ретінде мәңгі жадымызда сақталатынын атап өтті. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға