Су тасқыны кезінде ассамблея мүшелері алдыңғы шепте жүрдік - Акбаржон Исмаилов
Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысы өтті. Сессияда Президент көтерген өзекті мәселелер жайлы тәжік этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алдымен ведомства басшысы ассамблеяның атқарып жатқан жұмысына тоқталды. Айтуынша, осы уақытқа дейін еліміздің бірқатар облыстарын, соның ішінде ауыл-аудандарды аралап, халықпен бетпе-бет жүздесіп жергілікті маңызды мәселелер талқыланғанын айтты.
Өңірлерде әсіресе, этностар көп шоғырланған аудандарда жағдай тұрақты, әрі барлығы тату-тәтті күн кешіп жатқанына көз жеткіздік. Бұл ең алдымен мемлекеттік саясаттың дұрыс бағытта жүріп жатқанын көрсетеді. Өңірлерде су тасқыны басталысымен-ақ, біз Ассамблея мүшелері алдыңғы шепте жүрдік. Гуманитарлық көмек көрсету үшін республикалық және өңірлік штабтар құрылып, тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп жатыр, – дейді Акбаржон Исмаилов.
Ол республикалық штабтың жетекшісі ретінде су басқан барлық өңірлерге бірнеше рет барып, тұрғындармен жүзбе-жүз кездесіп штаб өкілдерімен бірге зардап шеккен азаматтар мен құтқарушыларды ыстық тамақпен, киім-кешекпен, төсек-орындармен қамтамасыз етіп келе жатқанын тілге тиек етті.
Меценаттарымыздың демеушілігімен зардап шеккен өңірлерге 1500 тонна азық-түлік пен алғашқы қажеттілік заттарын жеткіздік. Бүгінгі күнге дейін жалпы сомасы 770 миллион теңгеге қайырымдылық және гуманитарлық көмегі жеткізілді. Бүгінде Ассамблея меценаттары зардап шеккен елді-мекендерді қалпына келтіру жұмыстарына да кірісіп кетті, – дейді меценат.
Ол «Ассамблея және қайырымдылық егіз ұғым деп отыр.
Қайырымдылық – біздің бірлігімізді бекемдейтін іс. Былтырғы жылдың өзінде біз бір ғана «Мектепке жол» акциясы кезінде 7 мыңға жуық оқушыға қолдау көрсеттік. Президентіміз Құрылтайда елге жанашыр барша іскер азаматтарды қоғамға пайдалы әлеуметтік жобаларға көбірек мән беруге шақырды. Бұл жұмыстарды біз Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері өңірлердегі елді-мекендерде іске асырып келеміз. Биылғы «Алғыс айту» күні жарияланған республикалық «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында қолдауды қажет ететін қуықтай ғана бір бөлмеде 8 баласымен және асыраушысы жоқ 5 баласы бар екі отбасына қолымда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, елорда төрінен өз атымнан 2 жаңа пәтердің кілтін табыстадым, – дейді Акбаржон Исмаилов.
Оның айтуынша, бұл атқарылған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Бұдан кейін де жалғасын таба бермек.
Мемлекет басшысы мені осы Қазақстан халқы ассамблеясына орынбасар етіп тағайындағанына ризашылығымды білдіремін. Бұл маған жүктелген зор жауапкершілік екенін түсінемін. Себебі еліміздегі көптеген ұлыстар мен этностардың өзара татулығы мен достығын, мемлекетіміздің тұтастығын сақтаудағы саясатына атсалысу өте маңызды іс, – деді тәжік этномәдени орталығының төрағасы.