Су тасқыны болған өңірлердегі оқушылар «Жазғы мектепке» барады

Елімізде 27-31 мамыр аралығында су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі және қыс мезгілінде қашықтықтан оқу форматы жүргізілген оқушылар үшін «Жазғы мектеп» басталады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Негізгі мақсат – оқушылардың білімінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру арқылы білім сапасын арттыру.
Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтың айтуынша, су тасқыны орын алған өңірлердегі 2 622 мектептің оқушылары үшін «Жазғы мектеп» аясында өз уақыттарын пайдалы өткізу мүмкіндігі берілуде.
Оқыту икемді кесте бойынша қызықты форматта ұйымдастырылады. Жазғы мектеп су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұратын, сондай-ақ қыс мезгілінде ауа-райының қолайсыздығына байланысты қашықтықтан оқытудан өткен 832 мың оқушыны қамтиды деп жоспарлануда. Оқуға балалардың қызығушылығын тудыру мақсатында мұғалімдер баға қоймайды және үйге тапсырма бермейді, - дейді Қаныбек Жұмашев.
Айта кетейік, «Жазғы мектепке» балалар өз еркімен және ата-аналарының келісімі бойынша қабылданады.
