Жаңалықтар

Су тасқыны болған өңірлерде ҰБТ 25 мамырдан басталады

Су тасқыны болған өңірлерде ҰБТ 25 мамырдан басталады
Фото: ҰТО 16.05.2024 11:50 383

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірасылов бүгін ҰБТ басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Айтуынша, тестілеу 14 аймақта жүріп жатыр. Ал су тасқыны болған өңірлерде ҰБТ 25 мамырдан басталмақ.

Бүгінгі тестілеу екі кезеңнен тұрады. Мамыр, маусым, шілде айларында болатын тестілеуде түлектерге екі рет мүмкіндік беріледі. 181 мың талапкер тестілеуге қатысуға ниет білдірген, екі мүмкіндікті есепке алғанда, қазіргі таңда 330 мыңға жуық өтініш қабылданды. Ұлттық бірыңғай тестілеу жылына бес рет өткізіледі. Үш рет ақылы негізде болады. Биыл қаңтар-наурыз айларында болды. Мектепте оқып жүргендер мен колледж бітіріп кеткендер белсенді қатысты, – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ ол былтырғы жылмен салыстырғанда тестіленушілердің саны 19 мыңға артқанын, оның себебі елімізде демографияның өсуі екенін айтты.

2023 жылы 162 мың талапкер ҰБТ-ны 291 мың рет тапсырған еді. Тағы да естеріңізге сала кетсем, 6 облыста өтініштер қабылдау әлі де жалғасуда. Талапкерлердің басым бөлігі – 75%-ы емтиханды қазақ тілінде тапсыруды таңдаған. 25%-ға жуық тестіленуші орыс тілін, 221 адам ағылшын тілінде тапсыруды ұйғарды, – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірасылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға