Жаңалықтар

Су тасқыны болған Аққозы ауылына көмек жеткізілді

Су тасқыны болған Аққозы ауылына көмек жеткізілді
Фото: Қазталов ауданы 30.05.2024 22:38 651

Бүгін Қаратөбе ауданы, Аққозы ауылына Қазталов ауданынан көмек жеткізілді. Аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев бастаған делегация Аққозы тұрғындарына 23 бас ірі қара, 46 қой мен ешкі, 5 бас жылқы малын табыс етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Аудан тұрғындарының игі бастамасына аққозылық ағайын ризашылығын білдірді.

Биыл су тасып, ауылымыз қиын жағдайға тап болды. Өмірімізде мұндай тасқынды бірінші рет көріп отырмыз. Бұрын су келгенімен ауылдың шетін айналып өтетін. Ал биылғы тасқын қатты болды. Ауыл азаматтары барлық тұрғынды мектепке көшіріп, адам шығыны болмады. Дегенмен ұсақ малдар, кейбір адамдардың ірі қара малдары суға кеткендері бар. Сіздерге көмек қолын созып жатқандарыңызға Аққозы халқының атынан рахметімізді айтамыз, - деді Аққозы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Асылтас Мақұлова.

Ауданның шаруа қожалықтарынан жиналған жылуды жеткізуге аудан әкімдігі мен шаруа қожалықтардың жетекшілері ықпал етті. Ауданымыздағы жаны жомарт жандардың көмегімен алдағы уақытта су тасқынан малдарынан айрылған басқа аудандағы ағайындарға да көмек қолы созылады.

Су тасқыны болған Аққозы ауылына көмек жеткізілді

Төрт-түлікті жергілікті атқарушы органдар үйлестіруде. Ауыл тұрғындары да қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созған ағайынға алғысын айтты.

Айта кетейік, делегация құрамында аудандық мәслихат депутаты Дархан Аябалиев, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев, аудандық ветеринариялық станцияның директоры Нұрбек Ихсанов, «Бауырлар-НАРМ» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев болды.

Су тасқыны болған Аққозы ауылына көмек жеткізілді

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға