Жаңалықтар

Су тасқыны: білім беру мекемелерін қалыпқа келтіруге 7 млрд теңге бөлінді

Су тасқыны: білім беру мекемелерін қалыпқа келтіруге 7 млрд теңге бөлінді
Фото: t.me/KZgovernment 23.07.2024 14:46 509

Үкімет су тасқынынан зардап шеккен білім беру мекемелерін қалпына келтіруге 7 млрд теңгеден астам қаражат бөлді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет көктемгі су тасқынынан зардап шеккен білім беру мекемелері мен ұйымдарын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда. Осы мақсатта Үкіметтің төтенше резервінен қосымша қаражат бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Қалпына келтіру жұмысы еліміздің үш өңірін – Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарын қамтиды. Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы – 7,5 млрд теңге. Бұл қаражат бүлінген нысандарды қалпына келтіруге, сондай-ақ қираған нысандардың орнына жаңа білім беру мекемелерін салуға жұмсалады.

Қостанай облысында Жангелдин ауданындағы Айса Нұрманов атындағы мектеп ғимаратын жөндеу жоспарланған. Ақмола облысында Атбасар қаласында №1 мектеп, Атбасар ауданы Сергеевка ауылында «Есіл» сауықтыру кешені, сондай-ақ Державинск қаласында Абай атындағы мектеп салынады. Ақтөбе облысында Көтібар батыр атындағы мектеп және Мұғалжар ауданындағы «Балауса» балабақшасы, Ойыл ауданындағы «Балбөбек» мектеп-бақшасы мен балабақшасы, Екпетал мектебі қамтылады.

Бөлінген қаражат жергілікті атқарушы органдарға бүлінген ғимараттарды алдағы оқу жылы басталғанға дейін уақытылы қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл – білім беру процесінің үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етеді.

Биылғы 17 шілдеде Үкіметте су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері жөнінде өткен кеңес барысында премьер-министр Олжас Бектенов қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдетуді және орталықты туындап жатқан мәселелер туралы үнемі хабардар етіп отыруды тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға