Жаңалықтар

Су тапшылығы, ЖЭО, LRT: Астана әкімі үкіметте есеп берді

Су тапшылығы, ЖЭО, LRT: Астана әкімі үкіметте есеп берді
Фото: t.me/KZgovernment 07.08.2023 09:31 964

Үкімет үйінде премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының Астана қаласын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа бағдарламалық құжаттарды, оның ішінде Астананы дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын, 2030 жылға дейінгі қайта жаңарту бағдарламасын және Көгалдандырудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары туралы баяндады.

Сонымен қатар қала басшысы 3-ЖЭО-ның бірінші кезегінің және жалпы қуаты 1 130 Гкал болатын екі газ жылу станциясының құрылысы туралы айтып берді. Бұл тұрғын үй құрылысының қазіргі қарқыны сақталса, 2026 жылға дейін жылу энергиясы қорын жинауға мүмкіндік береді.

Сумен жабдықтау бойынша ұзындығы 44 шақырым су құбырының екінші желісін салу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ Нұра жер асты суларынан жүретін арнайы құрылыстар кешенін, Тельман сорғы станциясын кеңейтуді, Қ.Сәтпаев каналынан жүретін жаңа су құбырының жобаларын және төртінші сорғы-сүзгі станциясын пысықтау жұмыстары жүріп жатыр. Жоспарлардың орындалуы 2035 жылға дейін қажетті қорды қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда қалада су тапшылығы жоқ.

Көлік инфрақұрылымын дамытуға келетін болсақ, биыл автожолдарды салу және жөндеу, сондай-ақ Тәуелсіздік көпірін аяқтау бойынша 30 жоба іске асырылуда. Алдағы уақытта Тәуелсіздік даңғылын Қабанбай батыр даңғылына дейін жалғастыру жұмыстарын бастау жоспарланып отыр, бұл сол жағалаудағы негізгі артериялардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Оған қоса Газмашаппаратура ауданында (Кенесары көшесінің бастапқы жағы) екі көпір салу пысықталуда, олар Тұран даңғылы мен Айтматов көшесіндегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар елорда әкімі үлескерлердің мәселелерін шешу, ірі кәріз-тазарту құрылысын жобалау, LRT жобасын жүзеге асыру және басқа да бірқатар мәселені пысықтау туралы айтып берді.

Премьер-министр елорданы дамыту мәселелерін шешу Үкімет жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы атап көрсеткен барлық мәселе бойынша қажетті шараларды іске асыруды жалғастыру керек. Атап айтқанда, елорда әкімдігі бөлінген қаржыландыруды пайдалана отырып, барлық инфрақұрылымдық жобада, оның ішінде үлескерлері бар проблемалық құрылыс нысандарында құрылыс-монтаждау жұмыстарының уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуі тиіс, – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар премьер-министр республикалық бюджетті қалыптастыру және нақтылау кезінде Астананың басым жобаларын қаржыландыруды қарастыруды, сондай-ақ жыл соңына дейін Елорда агломерациясын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп, оны Үкіметке енгізуді тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға