Жаңалықтар

Су тапшылығы: Президент кінәлі адамдарды жазалауды тапсырды

Су тапшылығы: Президент кінәлі адамдарды жазалауды тапсырды
Фото: Akorda.kz 11.07.2023 13:49 1964

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, жіберілген қателіктерден сабақ алуды тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еліміздің іскерлік, саяси және мәдени орталығына айналған Астананың дамуына кедергі болып жатқан түйткілдерді шешу үшін мемлекеттік органдар тиянақты жұмыс істеу керектігін айтты.

Ал өзекті мәселелердің бірі ретінде сумен қамту жағын айтты. Себебі жаз басталысымен су тапшылығы сезіліп, бұл өз кезегінде тұрғындардың наразылығын тудырған болатын. Мұны жұмысқа деген салғыртты деп бағалаған Президент кінәлі адамдарды жазалауды тапсырды.

Ашығын айтсақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармаған. Бұл – нағыз салғырттық, соның салдарынан осындай күрделі ахуал қалыптасты. Мұны, тіпті, жұмысқа селқос қарау емес, қасақана зиян келтіру деуге болады. Себебі, су, жылу, жарық – күнделікті тұрмыстағы аса маңызды қажеттіліктер. Бұл салада қателікке мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан, кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек, - деді ол.

Оқи отырыңыз:

Сонымен қатар елордамыз Астана су қоймасына толық тәуелді екені де сөз болды. Себебі су алатын басқа жер жоқ. Мемлекет басшысы мұның қауіпті екенін тілге тиек етті.

Бұл – өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан, су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық, - деді Тоқаев.

Президент сонымен қатар су қоймасының лайланып, ластанып жатқанын, ал оны құзырлы министрлік шешуі керектігін де айтты. Яғни ол үшін қойманың түбін тазалап, оны тереңдету керек.

Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн. Осы шараларды дереу қолға алу керек, - деді Президент.

Тоқаев Экология министрлігін де сынады. Өйткені қаланы сумен қамтамасыз ету тапсырылған министрлік әлі нәтиже көрсетпеген. Тіпті тиімді ұсыныстар да бермеген.

«Астананы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін кейінге қалдыра беруге болмайды. Тиісті жұмыс атқарылмаса, мұны астыртын қарсылық білдіру деп түсінуге тура келеді. Ахуалды дереу түзеу қажет. Бас қаланы осындай жағдайда қалдырмаймыз, - деді Мемлекет басшысы.

Аталған мәселені шешу үшін Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, келесі жылдан бастап Сәтбаев каналынан қалаға дейін құбыр тарту жұмыстарын қолға алу тапсырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға