Су басқан ауыл тұрғындарына қалай көмектесуге болады
Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша кездесу Туризм және спорт министрлігінің қабырғасында өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға қоғамдық бірлестіктің өкілдерінен грек-рим күресінің балуаны Асхат Ділмұхамедов, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы Василий Тахтай, «Qazaq Kuresi» Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов, «Дала қырандары» ЖҚБ директоры Мәди Рымжанов, министрлік тарапынан Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов қатысты.
Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша спортшылардың еріктілер қатарына қосылуын талқылау барысында «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі мен Туризм және спорт министрлігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Ең алдымен қазіргі қиын кезеңде көрсеткен ізгі амал, жақсы ниет, қажырлы еңбек үшін сіздерге алғыс айтқым келеді! Біз сіздермен мақтанамыз және ынтымақтастық орнатқанымызға қуаныштымыз. Кәсібиліктеріңізді әрқашан жоғары бағалаймыз. Сіздер төзімділіктің, ақкөңілдіктің және ерлерге тән қасиеттің жарқын үлгісін көрсетіп жүрсіздер, - деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, спорт қауымдастығы «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі өкілдерімен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек көрсетуде. Сонымен қатар олар құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдарға суды сорып, су басып қалған жолдарды тазалап, топырақ тастауға көмектеседі.