Студенттерге жасалған әділетсіздік. Депутат жатақхана мәселесі ушығып тұрғанын айтты
Елімізде 1 миллионнан астам студент білім алады. Бүгінде студенттерге жатақхана жетіспеушілігі 70 мыңнан астам орынды құрап отыр. Яғни 70 мың студент пәтер жағалап, оқуды емес, керісінше пәтерақының қамымен жүргені анық. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Биыл тағы да мәселе ушығып тұр. 2023 жылдың жоспарына сәйкес 11 400 орындық 34 жатақхана іске қосылуы тиіс еді. Бірақ, бұл процесстің өте баяу, әрі тиімсіз шаралардың әсерінен орындалмай қалу қаупі жоғары. Біле білсеңіздер, студенттік жатақхана – бұл ең маңызды әлеуметтік нысан екенін ескеретін уақыт жетті. Жыл бел ортасына жетсе де, 6 айда 11 мың орыннан астам салынуы тиіс жатақханалардың тек 900 орындық екеуі ғана, яғни 8 проценті ғана іске қосылды, - деді депутат.
Айтуынша, сол тізімдегі жатақханалардың 2,2 мың орны мүлдем салынбай қалу қаупінде тұр. Яғни қойылған меже де, берілетін студенттік жатақханаларда салынбайды деген сөз. Дәл осы мәселені депутаттар өз қаперінен жіберген емес. Алайда, Үкіметте еститін құлақ жоқ секілді әрдайым проблеманы айтып, оны бірге шешуге мәжбүр.
Үшіншіден, жергілікті әкімдіктер әлі де болса студенттік жатақханаларды салуға мүдделі емес екендіктерін нақты көрсетуде. Оның ішінде, білім беру ұйымдарына жер бөлу, ғимараттардың нысаналы мақсатын өзгерту, қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстарды бюрократияға айналдырудың қажеті жоқ. Меніңше, Үкімет тарапынан жатақхана салу бойынша «қалдықты принципті» ұстану, жас студенттерге жасалған әділетсіздік деп санаймын, - дейді мәжілісмен.
Осы ретте, аталған мәселенің маңыздылығын ескере келе келесіні ұсынды:
Біріншіден, Жатақхана мәселесі ушығып тұрған аймақтардың әкімдіктері мен орталық мемлекеттік органдар тарапынан тезарада бірлескен нақты іс-қимыл жоспарын бекітуді ұсынамыз.
Екіншіден, инвесторлармен жүйелі жұмысты ұйымдастырып, алдағы жаз айларында құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейту керек. Ол үшін жергілікті әкімдіктердің де мүмкіндектерін заң аясында пайдалануды қарастыру.
Үшіншіден, студенттік жатақхананы әлеуметтік маңызы бар нысан ретінде қарастырып, жатақхана салу мәселесінде арнайы мемлекет пен жекеменшік әріптестік деңгейіндегі жаңа бағдарламаны іске қосу қажеттігінің уақыт келгенін жеткіземіз.
Күздік оқу науқанында вокзалда, далада қонған жас ауылдастарымызға аянышпен қарамау үшін, нәтижелі жұмыстарды пысықтау керек, - деді депутат.