Жаңалықтар

Студенттер жатақханасында жыл сайын 10 мыңға дейін орын ашылады

Студенттер жатақханасында жыл сайын 10 мыңға дейін орын ашылады
Фото: Үкімет 03.03.2023 16:28 789

Елімізде студенттер арасында баспана тапшылығын жою мақсатында жыл сайын студенттік жатақханаларда 10 мың орынға дейін ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Үкіметке сілтеме жасап.

Президент тапсырмасына сәйкес студенттер үшін жаңа жатақханалар салу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, өйткені тұрғылықты жайлардың жетіспеушілігі еліміздің көптеген өңірлерінде өзекті мәселе болып отыр. Бұл ең алдымен Астана және Алматы қалаларында қатты сезіледі. Жастар өз бетінше баспана іздеп, оған қомақты ақша төлеуге мәжбүр.

Мәселені шешудің тиімді әдістерінің бірі – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру тетігін жетілдіру. Құрылыс салушыларды тарту үшін бір орынға мемлекеттік тапсырыс нормативі едәуір ұлғайтылды: мемлекет 6 жыл ішінде әрбір студент үшін жыл сайын Алматы қаласында 230 АЕК және елдің басқа өңірлерінде 195 АЕК төлейтін болады (2023 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш 3450 теңгеге тең).

Осы мақсатта заңнамада жатақхана салу үшін жер телімін алу рәсімдерін жеңілдететін нормалар көзделген. Бүгінгі таңда мемлекеттік 28 ЖОО-ның 13-інің жер учаскелері бар, 12-сінің жобалау-сметалық құжаттамасы рәсімделген.

Жоғары оқу орындары көп шоғырланған Алматы қаласында жатақханалар салу мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Мұнда инвесторларды тарту үшін бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Қаржы орталығы» АҚ жобалық офисі жұмысын бастайды. Оның тәжірибесін жақын арада республиканың басқа өңірлеріне де тарату жоспарлануда.

Кеңес қорытындысы бойынша әкімдіктерге жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, үш жыл ішінде студенттер жатақханаларындағы орындар санын 30 мыңға дейін жеткізу міндеті қойылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға