Жаңалықтар

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті
Фото: коллаж El.kzhttp://192.168.88.156/admin/news/ 17.11.2024 10:00 345

Студенттік кезең – адам жадында ерекше естеліктермен сақталатын, мәңгі ұмытылмайтын өмірдің қайталанбас сәті. Бұл уақытта студенттер ересек өмірге қадам басып, жаңа білім мен тәжірибелер жинақтайды. Университет қабырғасында өткізген әрбір күні, жаңа орта олардың өміріне өзгеше реңк берсе керек.  

Осы ретте бүгінгі «Халықаралық студенттер күні» мерекесіне орай, әртүрлі кезеңде білім алған жандармен тілдесіп, олардың студенттік өмірін қаншалықты қызықты әрі ерекше өткізгені жайлы әңгімелестік.

«Қазақстан студенттер күнін» атап өту керек

Алдымен «Қазақстан студенттерінің альянсы» РСҚ төрағасы Ұлан Наукеннен студенттердің мерекесі қарсаңында елімізде қандай шаралар ұйымдастырылғанын сұрап білдік.

Біз Қазақстан бойынша тек бір емес, бірнеше күндік тренингтер, волентерлік курстар, мәдени, спорттық шаралар, әртүрлі мотивациялық кездесулерді өткізіп жатырмыз. Одан бөлек, халықаралық, республикалық масштабтағы форумдарға студенттерді жібереміз. Мұндай үлкен аренаны көру арқылы олар танымдық, шығармашылық жағынан дамуда. Сонымен қатар «Қазақстан студенттерінің альянсының»  Омбудсмендер институы құрылған. 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қалада омбудсмендер жұмыс істеп жүр, - деп атап өтті төраға.

Осы орайда Ұлан Наукен бір ұсынысын да айта кетті.

Елімізде 1,1 миллионнан астам студент білім алып жатыр. Енді өзіміздің жеке мерекеміз ретінде әр жоғары оқу орнында «Қазақстан студенттер күнін» атап өтуді ұсынамыз, - деді ол.

Сондай-ақ альянс төрағасы студенттерді оқудан бөлек, әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысуға, әртүрлі ұйымдарға қосылып, осы бір студенттік шақты қызықты өткізуге шақырды.

1999-2005 жылы білім алған түлек

Қазіргі таңда «Алматы қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығының» УЗИ дәрігері, акушер-гинеколог болып қызмет ететін Балнұр Әлімсақова өзінің студент шағындағы ерекше естеліктерін айтып берді.

Балнұр Әлімсақова 1999-2005 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясында «Емдеу ісі» факультеті бойынша білім алып, «акушер-гинеколог» мамандығын меңгеріп шыққан.

Жоғары білім алып жүрген кезімде жатақханада да, туыстарымның үйінде де, пәтер жалдап та тұрып көрдім. Студенттік шағым әртүрлі оқиғаларға толы болды. Әсіресе, алғаш рет мәйітханаға барып, адам анатомиясымен танысқан кездегі қорқынышымыз есімде, - деді ол.

Осы сәтте кейіпкеріміз студенттік шақтағы бір оқиғасымен бөлісі кетті.

Бір күні сабақта емтиханға дайындаламыз деп ағайымыздан бас қаңқасы мен басқа да сүйектерді сұрап алдық. Егер остеологиядан сүйектегі бір тесіктің өзін білмей қалсаң, емтиханнан өткізбей қояды. Сондықтан оған жауапкершілікпен қарауға тырыстық. Сөйтіп, топырлап ұстазымыздан сұрап алған сүйектерді алып, автобусқа кіреміз. Ең соңғы қатарға барып, отырып аламыз. Сол кезде бас қаңқасын ұстап алған қыздың пакеті жыртылып, ол дәл жүргізушінің қасына дейін дөңгелеп жетеді. Барлық адам шулап, шошып кетті. Бәріміз бір жағынан күлсек, екінші жағынан сындырып аламыз ба деп қорықтық, - деп есіне алды акушер-гинеколог.

Университет қабырғасында жүргенде Балнұр Әлімсақова «Паталогиялық анатомия» сабағында тәжірибе итке ота жасау үшін жануарды Қарағанды қаласынан бұрыш-бұрышынан іздеген.

Бізге ешкім дайын итті әкеліп бермейді ғой. Сөйтіп, оны 2-3 күн бойы жан-жақтан іздедік. Тамақтарымызды алып шығып, неше түрлі айла-тәсілдерді қолданып, итті біреулер арқылы тапқанбыз, - деді ол.

УЗИ дәрігері ауылдық жерде өскеннен кейін бастапқыда орыс тіліндегі кітаптарды оқу қиындық тудырғанын айтады. Балабақша, мектептің бәрін қазақша оқыған соң оған оңайға соқпаған.

Медицина саласындағы кітаптардың басым көпшілігі орыс тілінде, ал қазақ тілінде кітаптардың тілі өте күрделі аударылған. Студент болғанымда тек тіл жағынан, тезис сөздерді білмеуден ғана кішкене қиналдым. Уақыт өте келе табандылықтың, күні-түні кітапханада отырғанның арқасында орыс тілін таза меңгерген, жетік түсінетін маманға айналдым деп ойлаймын, - деді акушер-гинеколог.

Балнұр Әлімсақова студенттік шағында білім алып қана қоймай, өзінің өмірлік жұбын кездестірген. Күйеуі Әділжанмен 3 курста оқығанда танысқан. Ол «Емдеу ісі» факультетінде «Стоматология» мамандығын меңгерді. Бүгінде медицина саласының мамандары тату-тәтті өмір сүруде.

2007-2011 жылы білім алған түлек

Ал Павлодар облысының білім беру басқармасы, Ақтоғай ауданы білім беру бөлімі «Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебінің» География пәнінің мұғалімі  Әукебай Ғалым студенттік шағында көптеген қызық жайтты басынан өткерген.

Әукебай Ғалым 2007-2011 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «География» факультеті «География» мамандығын оқып шықты. Сол оқу орнында екі жыл бойы жатақханада тұрды.

Жатақханада тұрғанның өзі қызық қой. Сол кездері көрген әртүрлі қиындықты қазір күліп еске аламыз. 2000 жылдары студенттердің жағдайы бүгінгідей керемет болмады. Тамақ істеудің өзі мәселе еді. Тіпті макарон өнімдерінің 4-5 түрін біріктіріп, біреуі пісіп, екіншісі піспесе де жей беретін едік. Кейде ауылдан ата-анамыз азық-түлік жіберетін. Соны қасымыздағы достарымызбен бөлісіп жеп, бір-ақ күнде бітіретінбіз, - дейді ұстаз.

Студенттік шақтағы суреттері

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Суреттер: жеке мұрағаттан

Әукебай Ғалым жатақханада 3 қабатта тұрған. Студенттерге тоңазытқышты қоюға рұқсат бермегендіктен, олар түрі айла-тәсілдер ойлап тапқан.

Студенттер ауылдан келген азық-түлікті ұзақ уақытқа сақтау үшін пакетке салып, ағашқа іліп қояды. Ал біз достарымызбен ұзын сым әкеліп, астыңғы қабаттағы курстастарымыздың тамағын біліп қоймайтындай, шамалап қана алып, орнына қоя салатынбыз. Содан кейін қасық пен шанышқымызды кешкі уақытта қалтамызға салып жүретін едік. Басқа бөлмеде тамақ ішіп отырған төменгі курстың студенттеріне барамыз. Олар «мәссаған, сендерге қасық жоқ қой» десе, «саспаңдар, біздің қасығымыз өзімбен бірге» деп қалтамыздан алып шығатынбыз, - деді ол.

География пәнінің мұғалімі қаладағы оқуға ауылдан келгендіктен, бастапқыда орыс тілін жетік меңгермеген еді. Сөйтіп, университетте асханада кезекте тұрғанда орыс тілін жақсы білетін досы тапсырыс беруге көмектеседі деп сенген.

Досым менен «не жейміз?» деп сұрайды. Сосын мен «с кар.» жейік дедім. Аспаз апайға «дайте нам с кар.» десек, ол «что это?» деп бізді түсінбейді. Бір кезде қасымызда тұрған қыз «это с картошкой» деп ақырын айтады. Сөйтсек, картоп қосылған бәлішті қысқартып «с кар.» деп жазып қойған екен. Ал біз оны тамақтың аты деп ойладық, - деп күліп айтты Әукебай Ғалым.

Қазіргі суреттері 

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Суреттер: жеке мұрағаттан

Бүгінде ұстаз студенттік шағын сағынышпен еске алады екен. Себебі адамның жалындап тұрған жастық шағы өмірінің ерекше бір сәті іспеттес.

Студенттік кезеңді әрбір жан сағынады деп ойлаймын. Достарың көп, уайым-қайғы, несиең жоқ. Жаныңда жүрген жолдастарың атақ-даңқыңа қарамай, адал болады. Олармен әлі күнге дейін хабарласып, араласып тұрамыз, - деді Әукебай Ғалым.

2014-2018 жылы білім алған студент

Келесі кейіпкеріміз Жетісу облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Түстікбаев. Ол 2014-2018 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері мамандығын игерсе, 2018-2020 жылы аталған жоғары оқу орнында Құқықтану мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған. Одан бөлек, 2019-2021 жылы «Тұран-Астана» университеті, Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы негізінде екінші жоғары біліп алып, 2021 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, «Аманат» партиясы жанындағы Саяси менеджмент мектебінде біліктілігін арттырды. 2020-2023 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Құқық мамандығы бойынша докторантураны оқыды.

Ілияс Түстікбаев алдымен елордаға қалай оқуға келгені жайлы оқиғасын айтып берді.

Жетісу облысы Алакөл ауданы Үшарал қаласының тумасымын. Бала кезден Астанада тұрып оқуды армандадым. Себебі жоғары оқу орнына түскенге дейін еліміздің астанасына келіп көрмеген едім. Тек теледидардан, күнделік, кітаптың сыртынан қаланың суретіне қарап, қызығантынмын. Осылайша арманымды орындау мақсатында мектепті бітіре сала Астанадағы беделді оқу орындарының біріне түстім, - дейді ол.

Студенттік шақтағы суреттері

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Суреттер: жеке мұрағаттан

Оңтүстіктің ыстығына үйреніп қалған Ілияс Астананың суығын алғаш қалаға келгенде көрген.

Тамыздың соңына қарай елордаға пойызбен жол тарттым. Сөйтіп, «Теміржол вокзалынан» түскенде күздің қара суығын сездім. Бірден чемоданымды алып, ішінен жылы киімдерімді киіп алдым. Сыртқа шықсам, таксистер тұр екен. Олар басқа қаладан келгендерге бағаны көтермелеп айтатынын білмедім. Қазіргідей әлеуметтік желі дамымаған, 2ГИС деген карталар жоқ. Бар білетінім жатақхананың мекенжайы. Сол кездегі 500 теңге, қазіргі 2000 теңгеге алдап әкелді. Осы жағдайды есіме алсам, бір күліп аламын, - дейді Ілияс Нұрболұлы.

Ол оқуға түскен алғашқы 4 жылда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттер үйінде тұрған.

Мектеп президенті болғандықтан, оқуға түскенде де староста боламын деген шешімге келдім. Барынша жан-жақты, белсенді болуға тырыстым. Біздің тұрған жатақханамыз Кеңес үкіметі кезіндегідей болды. Бес қабатты ғимарат ұлдарға және қыздарға арналып, екі блокққа бөлінді. Бір блокқа жуынатын душ, тамақ істейтін орын, киім жуатын бөлме тек біреу еді. Сондай-ақ тоңазытқышты қолдануға рұқсат бермегендіктен, тамақтың бәрін терезенің алдына қоятынбыз, - деді ол.

Қазіргі суреттері 

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Суреттер: жеке мұрағаттан

Осылайша Ілияс Түстікбаев студенттік шағын өте қызық өткізгенін атап өтті.

Ақшамыз бітіп, тамағымыз таусылғанда қарнымыздың аштығын басу үшін көп су ішетінбіз, сөйтіп асқазанымызды алдайтынбыз. Таңертеңге дейін шыдап кетсек, басқа бөлмедегі достарымыз тамақпен бөліседі. Сөйтіп, бір-бірімізге жәрдем беріп жүрдік, тату болдық, - деді Жетісу облысы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары.

Студенттік шақтың түрлі қиындықтарынан басынан өткізген Ілияс Нұрболұлы бүгінге дейін әрбір еңбектің, тиынның қадірін жоғары бағалайды. Өзіне ақшаны оңды-солды шашуға, пайдасыз дүниелермен айналысуға жол бермейді.

2020 жылдан бері білім алып жатқан студент

Алихан Искаков Санкт-Петербург гуманитарлық кәсіподақтар университеті Өнер факультеті Мультимедиа режиссері мамандығына грантқа оқуға түскен қазақстандық. Ол 4-курста оқиды. 2026 жылы оқуын аяқтайды.

Алихан қазіргі сәтте өмірінің ең қызық кезеңі студенттік шағын өткізуде.

Студенттік өмір өте қызық. Оны әрбір адам басынан өткеруі керек деп ойлаймын. Шетелде тұрып, білім алуға мүмкіндік берген ата-анама алғысым шексіз. Қазіргі таңда университеттің жатақханасында тұрып жатырмын. Бізде далаға шығып жүрмей-ақ бірден оқу орнына кіретін жол бар. Жатақханамыз сонысымен ерекшеленеді, - деді ол.

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Суреттер: жеке мұрағаттан

Алихан Искаков студент болса да өз бетімен қосымша табыс табуға тырысады.

Бос уақытымда Қазақстан мен Ресейдегі кино мамандары отыратын Telegram каналдарға кіріп, қосымша тапсырыстар аламын. Көбіне монтажға қатысты жұмыстарды істеймін. Жақында қазақстандық бір режиссердің қысқаметражды фильмін монтаждап бердім, - деді студент.

Білім алушы бірінші курста университетке үйренісу оңай болмағанын айтады. Себебі Ресейдегі жоғары оқу орнында талап қатал.

Коронавирус кезінде оқыған соң үнемі маска тағып жүруге міндетті болдық. Егер маска тақпай келсек, бірден сөгіс жариялайтын. Екі сөгіспен университеттен шығарып жіберуі өте оңай. Екінші курстан кейін маска тағу режимін алып тастады, - деді ол.

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Суреттер: жеке мұрағаттан

Алихан Искаковтың айтуынша, оқуға түскенде тобында 40 студент болған. Ал қазір небәрі 14 адамға азайып қалды.

2023 жылдан бері білім алып жатқан студент

Бүгінде білім алып жатқан студенттеріміздің тағы бірі – Алуа Бақытжанқызы. Ол Семей қаласы Шәкәрім атындағы университетте «Филология» факультеті «Шет тілдері» мамандығында 2-курста оқиды. Яғни ағылшын және неміс тілі аудармашысы мамандығын игеруде.

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Сурет: жеке мұрағаттан

2011-2023 жылы орта мектепті бітіріп, 2023 жылы университетке оқуға түстім. 2027 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаймын. Ең алғаш оқуға келгенде студенттік өмірдің ең қызық кезеңін басымнан өткіздім. Өмірімнің жаңа тарауы ашылды. Осы кезде қызық оқиға есіме түсіп отыр. Бір күні жатақханаға келетін «перваштарды» күтіп алатын үлкен жиын өтті. Бәрі көңілді, қызықты болды. Жатақханаға қайтатын уақытта бірінші курс студенттерін ең соңынан кіргіземіз деп бізді алдап, төбемізден шелекпен су құйып, жұмыртақа лақтырып қарсы алған еді. Ал бір кезде «есіктен йод жағып кіргіземіз. Барлық «первашқа» әртүрлі дәмдеуіштер мен ботқаны жегіземіз» дегенді естігенде, қасымдағы құрбыммен терезеден секіріп, бөлмемізден қашып құтылып кеткен едік. Сол сәттер өте ерекше болды, - деді студент.

Алуа Бақытжанқызы қазіргі студенттік шағының бұрынғыдан мүлде өзгергенін айтады.

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Студенттер күні: әр кезеңнің түлектері университеттегі қызықтарын бөлісті

Суреттер: жеке мұрағаттан

2-курста жалдамалы пәтерге көштім. Осы аралықта барлығын танып, етімнің үйренгенін, бұрынғыдай универдің дәлізін кезіп, «107-ші кабинет қай этажда, қай жерде?» деп алаңғасар болып жүрген кезіміздің уақыты өткенін байқадым. Қазір уақытым оқуға барып, сабақтан кейін қосымша түрік тілін үйренуге арналған курсыма, одан шығып жұмысқа, кешке үйге қайтып, келесі күннің сабағын орындаумен зымырап өтіп жатыр, - деді ол.

Түйін: Әр кезеңдегі студенттердің басынан өткерген қиындықтары мен қызықтары олардың естеліктерінде мәңгі сақталады. Студенттік жылдар ешқашан ұмытылмайтын, өмірдің ең жарқын беттерінің бірі болып қала бермек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға