17-қараша халықаралық студенттер күніне орай елордадағы іргелі оқу орны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының білім алушылары El.kz ақпараттық агенттігінің редакциясына келіп, жұмыс барысымен танысып қайтты.
El.kz ақпараттық агенттінің бас редакторы Гүлмира Билялова болашақ журналистерді қарсы алып, редакцияның және SMM бөлімінің жұмысымен таныстырды. Аға шығарушы редакторлар Олжас Сәндібек пен Шыңғыс Майсеит редакция ұжымымен таныстырып, сайттың негізгі бағыт-бағдары мен қызметін толыққанды түсіндірді. Өздерінің журналистика саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтты. Студенттер де журналистика саласына қатысты өз ойларын білдіріп, сұрақтарын қойып, белсенділік танытты. Білімгерлер кездесудің қызық өткенін айтып, ризашылығын білдірді. Болашақ журналистер алдағы уақытта сайтта мақалаларымен бөлісіп тұруға ниетті.
«Мен бұл студенттерге «Web-басылымдарды құрастыру» пәнінен сабақ беремін. Сабақ барысында теориямен қатар практиканы да үйретуге тырысамын. Себебі жас мамандар көп дүниені практика арқылы жақсы түсініп, біліп жатады. Бүгін де сол ұстаным бойынша «Web-басылымдарды құрастыру» пәнінің тәжірибелік екі сабағын El.kz ақпараттық агенттігінің редакциясында өткізуді ұйғарған едік. Студенттер бірінші сабақта SMM бөлімінің жұмысымен танысса, екінші сабақта редакция ұжымының шығармашылық жұмысымен танысып шықты. Қазір әлемнің өзі әлеуметтік желілерге байланып тұрған заман ғой. Сондықтан студенттерге сол желілерге тіркелуге, белсенді болуға, сапалы видео-фото түсіруге, сауатты пост жазуға тапсырмалар беріп отырамын. Елдің мәселесін айтып, елдің ойынан шығып жүрген El.kz ақпараттық агенттігіне студенттерді арнайы алып келдім. Себебі El.kz үш тілде ақпарат тарытып отырған санаулы сайттардың бірі. Бұл сайттан күнделікті болып жатқан ақпарат та, видео контент те, фоторепортаж да, мағыналы мақала мен қызығып оқуға болатын сирек сұхбаттар да табылады. Осы жұмыстардың қалай жазылып, қалай дайындалатынын, оқырмандарға жеткізудің жолдарын студенттер өз көздерімен көріп, танысып шықты. Бұл күн студенттердің есінде мәңгі қалатын болады деп ойлаймын», - деді Баспасөз және баспа ісі кафедрасының аға оқытушысы Бейбітгүл Тоқабаева.
Студенттер де бұл күннің қызықты өткенін айтты.
«Мұғалім бізге El.kz сайты туралы айтқанда интернеттен іздеп, сайтты бірден тауып алдым. Ақпараттары қызықты, ішінде оқитын дүние көп екен. Сосын үнемі бақылап, оқып отыру үшін әлеуметтік желідегі барлық парақшасына тіркеліп қойдым. Алдағы уақытта мақала, сұхбаттар жазып El.kz сайтына шығарғым келеді. Жұмыс барысы қиындау көрінгенімен қызық екен», - дейді 2-курс студенті Әмина Марданманова.