Жаңалықтар

Студент кездегі ғашығыма арнап телехикая түсірдім – Арман Сқабылұлы

Студент кездегі ғашығыма арнап телехикая түсірдім – Арман Сқабылұлы
Фото: Видеодан кадр 08.03.2023 17:00 4240

Әйел – барлық тіршіліктің бастауы. Әлемдегі ең әдемі сәулет құрылыс туындылары, ақындардың жырлары, том-том кітаптар, картиналар мен туындылар, сериалдар мен фильмдер әйелдің сұлулығына, ақылы мен даналығына, еркелігіне, қылығына тәнті болып, шабыт алып жазылған. Осындай әйел затына арналып жазылған туындылардың бірі – белгілі журналист, көптеген отандық телехикаялардың авторы – Арман  Сқабылұлының «Жаным менің» телехикаясы.

Автор бұл туындыны университет қабырғасындағы ғашығына арнаған. Арман Сқабылұлының арада жиырма жылдан астам уақыт өткеннен кейін студент кездегі ғашығына телехикая арнауы бізді таң тамаша еткені рас. Осы туралы аз-кем әңгіме құрған едік. Автордың әңгімесін тыңдай отырып, әлемдегі ең бір құдыретті құбылыс махаббаттың бар екеніне еріксіз сенесің.

- Сіз студент болып, университет бітіргеннен кейін арада көп уақыт өтіп кетті. Соншама уақыт өткеннен кейін оқиғалардың барлығын есіңізге түсіріп, жазу мені қатты таң қалдырып тұр. Қалай сол оқиғалардың бәрі есіңізде сақталды? Соншама уақыт өткеннен кейін жазу неге ойыңызға келді? Бұған не себеп болды?

- Адам сенгісіз оқиғалар болады. 2011-2012 жылдары қатты ауырып, қан қысымым көтеріліп, ауруханаға түсіп, бір тәуліктей комада болдым. Дәрігерлер аман алып қалды. Палатаға ауыстырғаннан кейін телефонымды алып қарағам ғой. «Қатты ауырып қалғаныңды естіп жатырмын. Жазылып кет!» деген хабарлама келді. Астында бірінші курста жүрген қыздың еркелетіп айтатын есімі тұр. Өзім таң қалдым. Бұл түс көрді ма? Қалай болды деп? Есімді жинаған кезде бірінші хабарлама сол қыздан келді. Дәл сондай кезде хабарлама жіберген болса, бұрын да қайда жүргенімді біліп жүрген болып тұр ғой деп. Содан кейін ойланып қарасам, адамның аты-жөні жоқ құттықтаулар келіп тұратын. Сол кезде іштей өзім сол шығар деп топшылайтынмын. Бірақ оны іздеп, кездесейін деген ой болған жоқ. Одан арыға бармадық. Осы оқиғадан кейін сол қыз есіме түсіп, жүректе сақтаулы дүниелерді Facebook-қа жаза бастадым. Осылай «Жаным менің» деп аталатын бірінші курсты оқып жүрген қызыма арналған шығарма дүниеге келді. Кейде бір ойға түсіріп, жүректі қозғап жүрген дүиелер ғой. Кейбір сәттерін есіме түсіріп, оңай жазылып кетті. Бұл өзі Facebook-тың романтикалық кезеңі болатын. Естеліктер жарияланып, жігіттер хикаяттар, қызық әңгімелер жазатын. Алғашында бір пост жаздым. Оқырмандар жалғасын жазыңыз, жалғасын жазыңыз дегеннен кейін барлығы 47 пост жазылды. Әлеуметтік желідегі ең алғашқы веб-бестселлер деген атау беріп жатты. Жұртшылық кино түсірмейсің бе деп сұрап жүрді. Киноға қызығушылық болған жоқ. Бірақ бұған дейін көптеген сериалдарға сценарий жазғанмын. Әуежайда Ерлан Қаринмен кездесіп қалдық, ол кісі көпшілік қалап жатса, неге түсірмейсің? деп, сценарийді бастап кеттік. Сериалдың бас продюсері, авторы болдық. Өзімнің жүрегімнен шыққан дүние болды. Студент кезде барлығы ғашық болған шығар.

- Студент кезде барлығы ғашық болғанмен, ғашығына телесериал арнаған аз адамның біреуі шығарсыз... Сол сіз ғашық болған қыздың тағдыры көңіліңізде қалып қойып, содан шығарма туды ма деген сұрақ қойсам...

- Өзімнің құрдастарымының, курстастарымның арасында бір жағы қалжыңдап айтамын. Өзі жайлы сериал түсірген жалғыз журналист менмін деп. «Аман ба екен? Күйеуі бар ма екен» деп бақылап жүрдім. Тілеулестік болды. Сериал шыққаннан кейін жан-жақтан шын есімі кім, қайда тұрады деп сұрай бастады. Кім екенін айтпадым. Бір күні сол қыздан ватсапқа хабарландыру келді. «Амансың ба? Кино түсіріпсің, сол кейіпкер мен бе?» деген. «Иә,сенсің» деп жауап жазып жібердім. Тағы да бір-екі хабарлама жазды. Жақсы жазыпсың, Табылдының әндері үйлесіп тұр екен деген хабарлама келді. Бір сұхбатта «қимастық сезім қалды ма?» деп сұрады. Сол кезде ішкі сырымды айтып қойған болуым керек. Осы сұхбатты да студент кездегі ғашығым көрген екен. Осыдан кейін қайтадан сөзіміз жарасып, қайтадан от алып бара жатқандай болдық. Бірақ екеуіміздің де отбасымыз бар, бұлай жасауға болмайды деп өзімді тоқтаттым.

- Әлемдегі ең бір ғажайып туындылардың көпшілігі әйелге арналған. Мұның себебі неде?

- Әйел деген – құдырет қой. Адамға шабыт береді. Қиналғанда қолтығыңнан демейді. Бәріміз анадан тудық. Хауа анадан бастау алған тіршілік қой.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға