Жаңалықтар

«Странджа» турнирі: Ұлттық құрама үздіктері жаңа маусымды қалай бастайды?

«Странджа» турнирі: Ұлттық құрама үздіктері жаңа маусымды қалай бастайды?
Фото: ҰОК 23.02.2025 14:50 129

Бокстан ұлттық құрама көшбасшылары Болгарияда өтетін «Странджа» турнирінде (24 ақпан – 2 наурыз) бақ сынайды. Биылғы бокс маусымы ұлттық құрама үшін қарқынды басталып жатыр. Жыл басынан бері қазақ боксшылары Испания мен Сербияда өткен халықаралық турнирлерге қатысып, үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ендігі негізгі жарыстың бірі – Болгариядағы «Странджа» турнирі. Көпшілік бұл жарысты «кіші әлем чемпионаты» деп атайды. Болгариядағы бәсекеге Қазақстан құрамасынан бөлек, Алжир, Қытай Тайпейі, Хорватия, Ұлыбритания, Уэльс, Франция, Өзбекстан, Грекия, Мажарстан, Моңғолия, Косово, Словакия, Түркия және жарыс қожайындары Болгария мемлекеттері қатысады.

Биыл ұлттық құрама қатарына бірнеше жаңа есімдер қосылды. Оның ішінде жастар арасындағы әлем чемпионы Төрехан Сабырхан бар. Жерлесіміз алғаш рет ересектер бәсекесінде өнер көрсетпек. Сонымен қатар Париж Олимпиадасының жүлдегері Нұрбек Оралбай, әлем және Азия чемпионатының жүлдегері, ұлттық құрамаға қайта оралған Абылайхан Жүсіпов, Париж Олимпиадасының қатысушылары - Махмұд Сабырхан мен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы және тағы басқа тәжірибелі боксшылар Болгарияда шаршы алаңға шығады. Тағы бір айта кетерлігі, бірнеше боксшы басқа салмақтарда бақ сынап көреді.

Аталған турнирге Қазақстан құрамасының боксшылары 1994 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында отандық боксшылар 12 алтын, 16 күміс, 28 қола медаль жеңіп алған. Бір қызығы, бүгінге дейін бірде-бір қазақстандық боксшы бұл турнирде екі мәрте чемпион болмаған. Биылғы құрамда Теміртас Жүсіпов пен Махмұд Сабырхан бұл межені бағындыруға мүмкіндігі бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға