Жаңалықтар

Стоиловтың алғашқы жеңісі мен жеңілісі

Қазақстан құрамасы жолдастық кездесулер өткізді
Стоиловтың алғашқы жеңісі мен жеңілісі
27.03.2018 09:18 5162

2 жыл күттірген жеңіс

Футболдан Қазақстан құрамасының тұтқасын ұстаған болгариялық маман Станимир Стоилов алғашқы жолдастық кездесулерін өткізді. Соның біріншісі екі жыл бұрын Еуропа чемпионатына қатысқан Венгрия құрамасына қарсы өтті. 23-нен 24-наурызға қараған түні Будапештте өткен ойын 10 мыңға жуық көрермен жинады. Бұл кездесулерге «Астана» командасының ойыншылары: қорғаныстағы сенімді тірегіміз Юрий Логвиненко мен жартылай қорғаныста жасындай жарқылдайтын Серікжан Мұжықов жарақаттарына байланысты қатыса алмады. Оған қоса, «Қайраттың» футболшысы Георгий Жуковтың да алаңға шыға алмайтыны белгілі болды. Негізгі ойыншылардың қатардан шығып қалуы Стоиловтың басқа футболшыларды сынап көруіне жол ашты. Осылайша, ол венгрлерге қарсы ойында алғашқы минуттан жас ойыншылар Еркебұлан Сейдахмет пен Бахтиер Зайнутдиновты алаңға жіберді.

Төреші ысқырығы естіле сала, қос команда  да жеңіске ойнайтындарын көрсетіп бақты. Алғашқы 10 минуттықта біздің жігіттер есепке өзгерту енгізіп, тіпті екінші голды да соғып үлгерді. 6-минутта бұрыштамадан келген допты Роман Муртазаев тура бағыттап, қақпашы Гулачиге мүмкіндік қалдырмады. Ал 10-минутта өз қақпа алдында қателескен венгрлерді Зайнутдинов «жазалай» білді. Ол қақпаның бұрышын дәл көздеп, есепті еселей түскен еді.

Мұндай қарқынды күтпеген алаң иелері алға ұмтылды. Ненад Эричтің қақпасының алдын күзеткен венгрлердің 21-минутта қанжығасы майланды. «Астана» футбол клубының ойыншысы Ласло Кляйнхайслер Адам Салаиға тамаша пас беріп, оның көзге түсуіне жол ашты. Есепті қысқартқан соң, Венгрия футболшылары белсенді түрде шабуылдай бастады. Сондай бір қауіпті шабуылдың бетін Эрич қайтарып, бабында екенін байқатты. Олардың төпелеген шабуылын Бауыржан Исламханның бұрыштамадан тепкен добын қақпаға Сергей Малый тура бағыттай алмаса да, қарқынын бәсеңдеткен. Көп ұзамай, дебютант Еркебұлан Сейдахмет алғашқы голына (бұл ойындағы Қазақстанның 3 голы) көрімдік сұрады. Ол сол жақтан келген Роман Муртазаевтың пасын голға айналдыра білді. Бірінші таймда 1:3 есебі тіркелді.

Ойынның екінші бөлігін венгрлер белсенді өткізіп, есепті теңестіруге барын салды. Сондай сәттің бірінде Немет Эричтен айласын асырып, есепті қысқартқан еді.

Екінші таймда біздің жігіттер «автобус» тактикасына көшпей, бір-бірімен әдемі пастар алмасып, оқтын-оқтын шабуылға шығып тұрды. Бірлі-екілі мүмкіндіктерді өз пайдамызға шеше алмай қалғанымыз болмаса, Стоилов шәкірттері бар өнерін ортаға салды. Олардың комбинациялық ойыны, бірін-бірі түсініп ойнауы көңіл қуантты. Осылайша, Қазақстан Стоиловтың келуімен 2016 жылдан бергі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Венгрия – Қазақстан 2:3 (1:3)

Гол салғандар: Муртазаев 6 (0:1), Зайнутдинов 10 (0:2), Салаи 21 (1:2), Сейдахмет 30 (1:3), Немет 68 (2:3)

Сары қағаз алғандар: Кляйнхайслер 47 — Постников 22, Куат 30

Венгрия: Гулачи, Отигба, Фиола, Элек, Джуджак, Салаи, Уграи, Барнабаш, Кляйнхайслер, Николич, Ботка

Қазақстан: Эрич, Шомко, Малый, Постников, Бейсебеков, Қуат (Ахметов 84), Зайнутдинов (Парагульгов 73), Исламxан (Мирошниченко 90+3), Муртазаев (Сүйімбаев 88), Сейдаxмет (Перцух 60), Хижниченко (Тұңғышбаев 76)

Төреші: Томаш Мусял (Польша)

23 наурыз. Будапешт. «Групама Арена».

Соңғы секундтың «азабы»

Стоилов шәкірттерінің 23 наурыз күнгі жеңісінен кейін Қазақстан жанкүйерлері Болгариямен болатын ойынды асыға күтті. Бас бапкердің өзі бұл жолдастық кездесу болғандықтан есептің қалай аяқталғанына мән бермейтінін айтқан еді.

Бұл жолы алғашқы минуттан алаңға Шомконың орнына «Қайраттың» қорғаушысы Ғафуржан Сүйімбаев шықты, қақпашы Эричті Плотников алмастырды. Алғашқы минуттан болгарлардың техникалық шеберліктері мықты екені көзге ұрып тұрды. Олар алғашқы қауіпті шабуылды 4-минутта ұйымдастырды. Плотниковтың қақпадан сәтсіз шығуы, Манолевтің голымен аяқталуға сәл-ақ қалды. Алма-кезек шабуылдардың бірінде Сейдахмет екі қорғаушының ортасында қақпаны дәл көздей алмады. Ал ойынның 23-минутында Сүйімбаев қарсыластың ойыншысын қағып құлатып, қақпамызға 11 метрлік айыпдобы белгіленді. Оны Ивелин Попов сәтті орындап, Болгарияны алға шығарды. Жігіттеріміз қаншама тырысқанымен есепті қысқарта алмай, әбігерге түсті. Шабуылымыздың жандануы 2-таймда Хижниченконың орнына шыққан Тұңғышбаевпен тікелей байланысты болды. Роман Муртазаевтың өткір шабуылға ойысуы да, ойынымзға сән кіргізіп, қауіпті шабуылдар рет-ретімен ұйымдастырылып жатты. Сондай сәттің бірінде Тұңғышбаев есепті теңестіріп, ойындағы теке-тіресті одан сайын жандандыра түсті.

Ойынның екінші бөлігі қазақстандық аяқдопшылардың басымдылығымен өткенімен, есепті еселеуге мүмкіндік болмады. Оның зардабын ойынның соңғы секундтарында тарттық. Төреші қосқан 3-минут аяқталып қалғанда, өз айып алаңымызда Тұңғышбаев қарсыластың ойыншысын жығып, айыпдобын алып келді. Плотниковтың қақпадан сәтсіз шығуы, болгарлардың есепте алға шығуына жол ашты. Осылайша, Қазақстан құрамасының соңғы минуттардағы гол жіберу «синдромы» тағы да орын алып, жеңілістің ащы дәмін таттық.

Болгария Қазақстан 2:1 (1:0)

Гол салғандар: Попов 11-метрлік айыпдобынан 23 (1:0), Тұңғышбаев 55 (1:1), Бодуров 90+3 (2:1)

Сары қағаз алған: Сүйімбаев 78

Болгария: Илиев, Попов, Бодуров, Божиков, Панов, Костадинов, Славчев, Манолев, Миланов, Попов, Делев

Қазақстан: Плотников, Сүйімбаев, Малый, Постников, Бейсебеков, Қуат, Зайнутдинов (Парагульгов 46), Исламxан (Әліп 90+3), Муртазаев (Ахметов 90), Сейдаxмет (Перцух 79), Хижниченко (Тұңғышбаев 46)

Бас төреші: Томаш Богнар (Венгрия)

 26 наурыз. Фельчут. «Панчо Арена». 

«Футболшыларым «орта» деңгейде өнер көрсетті»

Ілгерідегі ойындардан соң, Стоилов бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында:

 – Ұлттар лигасындағы біздің қарсыластарымыз қалай дайындалғанын білмеймін. Бірақ, қай-қайсы болмасын, бізбен өткізетін ойында барын салатыны анық. Менің командам 5 күнде осындай футбол деңгейін көрсеткенін есепке алсақ, болашақта тағы да күшейе түсеміз деп ойлаймын. Сол кезде Ұлттар лигасында біздің мүмкіндігіміз айқындалатын болады. Венгрлер мен болгарларға көрсеткен ойынымыз жақсы деңгейде болды, тіпті керемет десем де болатын шығар. Бірақ, бізге арқаны кеңге салуға болмайды. Осы деңгейде қалмай, футболшылар өз клубтарында барын салып ойнағандарын, өз деңгейлерін көтергенін қалаймын. Екі жолдастық кездесуге қояр бағам - «орта», «жоғары» деуге де және «тым төмен» бағалауға да болмайды. Келе-келе деңгейімізді көтеретін боламыз, алда жақсы жаңалықтар күтіп тұр, – деді.
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға