Жаңалықтар

Статистика – қоғамның айнасы – Жандос Шаймарданов

Бүгін статистика күні
Статистика – қоғамның айнасы – Жандос Шаймарданов
Фото: Ұлттық статистика бюросы 08.11.2022 10:47 2825

8 қараша – Статистика күні. Статистика – қоғамның айнасы. Елдің барлық саласына байланысты ақпаратпен қанығамыз. Сандардың сырын ұғып, ел дамуының негізгі көрсеткішін айқындайтын стратегиялық мәліметтерді Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросы ғылыми-қоғамдық айналымға енгізеді. Біз Статистика бюросының басшысы Жандос Шаймардановты атаулы күнмен құттықтап, бірқатар мәлімет алдық.

– Бұл күннің ғасырдан астам тарихы бар. Осы уақытқа дейін статистика саласында қандай үлкен өзгерістер орын алды?

– Елдің статистика басқармасы 1920 жылғы 8 қарашада құрылды. Осы уақыт аралығында көптеген өзгеріс орын алды. Біздің ұйым өзінің ғасырдан астам тарихында жинақталған бірегей мұраны сақтап, оны жандандырып келеді. Біз деректерді жинап қана қоймай, Қазақстан өмірінің барлық аспектілерін зерделейміз, билік органдарын, бизнес пен кәсіби қоғамдастықты, ғылым мен жалпы халықты қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеміз.

Бүгінгі таңда Қазақстанның статистикалық жүйесі жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Ауқымды бағалау жүргізген бірқатар халықаралық ұйым статистикалық көрсеткіштердің жоғары сапасына және БҰҰ статистикасының негізгі қағидасының сақталғанына көз жеткізді. 

Қазақстанның мемлекеттік статистикасында қазіргі заманғы статистикалық жүйелердің барлық міндетті атрибуттары бар: заңнама, нарықтық экономикасы бар елдерге тән статистика салалары, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін статистикалық әдіснама.

Бүгінде Ұлттық статистика бюросы реформалау жұмысын үш бағытта жүргізуде. Бұлар – әдіснама базасын жетілдіру, әкімшілік және балама дереккөзіне пайдалануға көшу және ішкі құрылымдық реинжиниринг.

– Статистика өндіру саласы қаншалықты деңгейде цифрландырылды?

– Ең алғашында барлық дерек, әрине қағаз күйінде жиналып, қарапайым шоттар арқылы есеп жүргізілді. Кейін арифмометр сияқты күрделі есепті жүргізуге көмектесетін механикалық машинаның көмегін іске қостық. Аймақтардан орталыққа перфолента деп аталатын жіңішке ленталар арқылы мәліметтер жіберетін. «Аскота», «Зоемтрон», «Работрон» сияқты санның сомасын шығаратын, жиынтық мәнін көрсететін есептеу-өңдеу машинасы да қолданылды. Әрине, қазір барлық біздегі деректер компьютерлік технологияның көмегімен жиналады, өңделеді. Бюроға қарасты «Ақпараттық есептеу орталығы» бар. Сондағы мамандарымыз барлық есеп-қисапты жүргізіп, мәліметтердің серверлерде сақталуын, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Бұл жерде бізге респонденттердің есепті онлайн түрде және қағаз бланкке толтырып өткізетінін айта аламыз. Біз сол қағазға толтырылып әкелінетін есептің үлесін мүлде жойғымыз келеді. Себебі оны қағаздан қайта электронды форматқа көшіру жұмысы уақыт алады. Біз бұл мақсатта есепті респондент кабинеті арқылы онлайн түрде тапсырғандар үшін арнайы маркетинг құралын әзірлеп жатырмыз. Мәселен, егер сауда саласында жұмыс істейтін кәсіпорын бізге есебін электронды түрде тапсырса, сол кабинет арқылы оған өзі істейтін сауда-саттықта қанша компания жұмыс істейтінін, олардың кіріс-шығыстарының көлемі қандай болғанын көрсететін шағын статистикалық деректі ұсынамыз. Оған қарап отырып, бәсекелестік ортаның қандай екенін талдауға болады. Бұл маркетинг құралы кәсіпорынға болашақ жоспарын құруға, жұмыс бағытын айқындауға көмектеседі. Осындай ынталандыру құралы арқылы болашақта қағаз есептен мүлде бас тартамыз деп ойлаймын.

– Статистика саласында қанша маман жұмыс істейді?

– Елде статистика жүйесінде екі мыңнан астам (2385) маман жұмыс істейді. Бүгінде Ұлттық статистика бюросының орталық аппаратында екі жүзден астам қызметші бар, қалғаны аймақтық басқармаларда. Биыл бізде жаңадан үш облыстың бөлініп шығуына байланысты қосымша жұмыс орындары пайда болды. Абай, Жетісу, Ұлытау облысында біз штатты жаңадан жасақтадық. Жалпы айтқанда бізге жұмысқа тұру үшін мамандар мемлекеттік қызметші талаптарына сай тестілеуден өтіп, конкурсқа өтініш білдіру керек. 

– Статистиктерге қойылатын негізгі талап қандай?

– Бұл салада жұмыс істейтін мамандарға қойылатын талап, біріншіден – мемлекеттік қызметке тұру ережелеріне сай келеді, екіншіден – кәсібилігі мен білімі жағынан лауазымына қарай қойылатын талап бар. Біз бүгінде деректі бірнеше көзден аламыз. Ол – әкімшілік, яғни мемлекеттік органдар тарапынан жиналатын ақпарат. Бастапқы деректер – бұл дегеніміз статистикалық нысандарда жиналған немесе тіркелген деректер. Оның ішіне біз елдегі барлық респонденттердің тапсыратын статистикалық есебін және үй-үйді аралап жүргізілетін бақылауды жатқызамыз. Бүгінде деректі алып жүрген тағы бір көз – балама деректер. Бұл бастапқы және әкімшілік деректерге қосымша ретінде пайдалы мәліметтерді алуға мүмкіндік беретін деректер. Мысалы, статистикада жердің  ғарыштан түсірілген суретін пайдалану арқылы егіс көлемін анықтауға, дүкенде берілетін фискалды чектің негізінде белгілі тауардың бағасы қандай болғанын білуге болады. Мұның барлығы негізгі деректің дәйектілігін, дәлелдігін арттыруға көмектесетін балама деректер. Әрине, цифрлық технологиялар дамыған сайын деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеу, түрлі талдау бағдарламасын пайдалану қажеттілігі туындайды. Сондықтан, біз де мамандарымыздың кәсіби деңгейін арттыруға мүдделіміз. Бұл мақсатта біз қызметшілер үшін біліктілігін көтеру курсын ұйымдастырамыз. Халықаралық статистика ұйымдары тәжірибе алмасу кездесулерін жиі өткізеді. Қазір онлайн түрде де білім алу мүмкіндігі бар. Статистистер білімін жетілдіру үшін түрлі семинарға қатысып тұрады. Қазір бірнеше жоғары оқу орнымен келіссөз жүргізіп жатырмыз, онда қызметшілеріміздің магистратура мен докторантура бағдарламаларынан өтуі үшін грант бөлу мәселесі де пысықталуда.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға