Стандрайдинг деген не?
1885 жыл. Готлиб Даймлер және Вильгельм Майбах деген екі өнертапқыш автокөлікке арналған жаңа қозғалтқыш ойлап табады. Дайын қозғалтқышты сынап көру үшін оны велосипедке орнатады. Бұл мотоциклдың пайда болған сәті еді.
Бүгінгі таңда мотоцикл жасау қарқынды дамып келеді. Көпшілікке танымал Honda, Yamaha, Harley-Davidson, Ducati секілді алпауыт заводтар 200 аттың күші бар темір тұлпарлар шығаруда. Мотоциклдер дамыған сайын оны пайдаланушылар да көбейіп келеді. Темір тұлпардың құлағында ойнайтын адамдар спорттың жаңа түрін ойлап тапты. Ол – стандрайдинг.
Стандрайдингпен мотоциклін бір жерден екінші жерге бару үшін ғана емес, көліктің потенциалын барынша пайдаланғысы келетіндер айналысады. Бұл өте экстремалды әрі қиын спорт. Стандрайдингпен айналысушылардың айтуынша бұл арқылы олар еркіндікке ұмтылады. Қарапайым өмірден жалыққан, адреналин іздеушілер темір тұлпарды бағындыру арқылы өзіне қажет сезімді табатын көрінеді.
Сонымен стандрайдерлер қарапайым мотоцикл жүргізушілерінен қандай айырмашылығы бар? Басты ерекшелік ол түрлі акробатикалық тәсілдер арқылы мотоциклді қалыпты жағдайынан өзгеше жүргізу. Алдыңғы дөңгелекті көтеріп, тек қана артқы дөңгелекпен қозғалу бұл спорттың басты элементтерінің бірі.
Тарихқа үңілер болсақ, бұл спорттың элементтерін бізден де байқауға болады. Мотоцикл пайда болмай тұрып, ата-бабаларымыз аттың құлағында ойнаған. Жастар жиылып, аттың үстінде неше түрлі акробатикалық шоу көрсетіп, өзара бақ сынасқан.
Стандрайдингпен айналысатын спортшылардың мотоциклдері де біршама өзгерістерге ұшырайды. Мотоциклдің шет-шетіне темірлер орнатып, орындыққа аяқ сиятындай етіп тесік жасайды. Кәсіби райдер болу үшін кез-келген спорттағыдай тынымсыз жаттығулар қажет. Спортшы жаттығулар барысында қозғалтқышты үлкен айналымда ұстауға мәжбүр болады. Сондықтан мотоциклдің қозғалтқышы төзімді әрі күшті болуы шарт.
Стандрайдинг Олимпиадалық спорт түріне кіре қоймағанымен бұл спортпен түрімен айналысатындар саны өте көп. Олардың басым көпшілігі Еуропа мен Америка Құрама Штаттарында. Алайда, біздің елімізде де экстрималды спорт түрімен айналысатын жастар өте көп. Оған дәлел жыл сайын Алматы мен Астана қалаларында өткізіліп тұратын стандрайдинг жарысы. Мамандардың айтуынша бұл спорт түрімен арнайы белгіленген орындарда айналысу қажет. Мұндай жағдайда бұл мотоцикл жүргізушісіне өзінің темір тұлпарымен жақынырақ танысып, оның қыр-сырын меңгеріп, қауіпсіз басқаруға көмектеседі.
Бұл спортқа қызығушылар өте көп. Дегенмен, стандрайдинг өміріңізге өте қауіпті екенін естен шығармаған жөн. Салмағы 200 килограмнан асатын мотоциклден құлап, ауыр жарақат алу қаупі өте жоғары. Стандрайдерлер арнайы киім мен жаттықтырушысыз бұл спортпен өздігіңізбен айналыспауға кеңес береді.
Рүстем ӘЛПИ