СҚО-да жол апатынан бес адам қаза тапты
СҚО-да Lexus және «ВАЗ-2104» көліктері соқтығысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға 16 маусымда сағат 07:55-те Тайынша ауданы Аймақ ауылының маңындағы Көкшетау-Омбы автожолының 53 шақырымында болған.
Алдын ала анықталғандай, Lexus автомашинасы Көкшетау қаласынан келе жатып, қарсы жолаққа шығып кеткен.
ЖКО салдарынан 7 адам зардап шекті: 5 адам оқиға орнында қайтыс болды, оның ішінде екеуі көлік жүргізушілері. Қалған зардап шеккендер медициналық көмек көрсету үшін Көкшетау қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Жүргізушілерден медициналық куәландыру жүргізу үшін қан алынды, - делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
ЖКО фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Қажетті сараптамалар тағайындалды.