Жаңалықтар

СҚО-да велосипед ұрлығы өршіді

СҚО-да велосипед ұрлығы өршіді
Фото: Pixabay.com 27.06.2023 17:44 1018

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 32 велосипед қолды болған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласындағы Универсальная көшесінде жасөспірім велосипедін аз уақытқа қараусыз қалдырған. Бұл мүмкіндікті ұры қалт жібермепті. Полицияға жедел хабарлаудың нәтижесіндеа қаскөй ізін суытпай ұсталып, велосипед иесіне қайтарылды.

Велосипед ұрлығы – маусымдық қылмыстардың бірі. Әдетте мұндай қылмыстар жылдың жылы мезгілінде өршиді.

Көбінесе қаскөйлер домофонмен жабдықталған үйлердің алдында тұрғындардың кіріп-шығуын күтіп, есік ашылған кезде бірге еріп ішке кіреді не болмаса кез келген пәтерге қоңырау шалып, өздерін коммуналдық қызмет өкілі ретінде таныстырады, достарына келгенін айтады. Осылайша, кіреберісте тұрған велосипедтерді, балалар арбалары мен басқа да заттарды қолды етеді.

Сондай-ақ иелерінің назарынан тыс қалған велосипедтер – қылмыскерлерге оңай олжа. Қос дөңгелекті көліктерді бейнебақылау камераларымен жабдықталған орындарда қалдырған жөн әрі ұрлыққа қарсы құралдарды пайдаланған дұрыс.

Бірқатар қылмыс бойынша 3,5 жылға сотталған, бұрын істі болған 33 жастағы Петропавл тұрғыны қазіргі уақытта жазасын өтеп жатыр. Ол қаладағы үйлердің жертөлелеріндегі, қоймалардағы құлыптарды бұзып кіріп отырған. Ер адам ұрлаған заттардың арасында екі велосипед те болды. Естеріңізге сала кетейік, үйлердің кіреберістері мен маңына бейнебақылау жүйесін орнату, мықты құлыптар пайдалану мүліктік қылмыстардың жасалу қаупін азайтып, тез арада ашылуына көмектеседі. СҚО-да барлығы 32 велосипед ұрлығы тіркелді, оның 11-і облыс аудандарында жасалды, - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға