Жаңалықтар

СҚО-да Қожаберген жыраудың 360 жылдығы тойланды

СҚО-да Қожаберген жыраудың 360 жылдығы тойланды
Фото: gov.kz 20.08.2023 17:34 832

Солтүстік Қазақстан облысында «Елім-ай» дастанына 300 жыл толуына орай қолбасшы, ақын, мемлекет қайраткері, СҚО тумасы Қожаберген жыраудың 360 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Оған СҚО әкімі Айдарбек Сапаров, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек, «Қаһарман» қорының төрағасы Сабыр Қасымов және еліміздің тарихшылары, жазушылары қатысты.

Мерейтой қонақтары ең алдымен Петропавл қаласына кіреберісте орнатылған Қожаберген жыраудың алып ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

 Республикалық конференцияны облыс әкімі Айдарбек Сапаров ашып, Қожаберген жыраудың ұлы мұрасының маңыздылығына тоқталды.

«Қожаберген бабамыздың артына қалдырған рухани мұрасы өте бай. Солардың ішінде «Елім-ай» дастанының орны бөлек. Атақты жырау бұл еңбегінде өзі өмір сүрген дәуірді, қазақ халқының қабырғасы қайысқан заманды суреттейді. Қожаберген жыраудың шығармашылығын зерттеу және болашақ ұрпаққа жеткізу ісі жалғасын табады. Бүгінгі конференция да атақты жырауды ұлықтауға, еңбектерін насихаттауға көп үлес қосары анық», — деп атап өтті өңір басшысы.

Республикалық конференцияға қатысушылар Қожаберген Толыбайұлы туралы тың деректер мен ордалы пікірлер айтты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін оның өмірі мен шығармашылығы жүйелі зерттеліп, жазыла бастады. Бұл іске білікті тарихшылар, әдебиетші ғалымдар, жазушы, журналистер қауымы белсене араласып, кітаптар мен зерттеу мақалалар жарық көрді.

Конференцияның қатысушылары Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Дауылпаз баба — Қожаберген» дастанын тамашалады.

Қожаберген жырауды рухани жағынан тірілту, әдеби мұраларын жарыққа шығару, есімін ұлықтау бағытында өңірде бірқатар іс-шаралар атқарылды. Жамбыл ауданының орталығы Пресновкадағы қазақ мектебінің алдындағы алаң Қожаберген атымен аталып, ескерткіш бюсті орнатылды, мектепке аты беріліп, мұражайы ашылды. Петропавлдағы алтыншы қазақ орта мектебі де ұлы жыраудың есімімен аталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға