Жаңалықтар

СҚО-да екі күнде 11 мас жүргізуші ұсталды

Бұл туралы СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов мәлімдеді
СҚО-да екі күнде 11 мас жүргізуші ұсталды
Фото: pixabay.com 12.11.2022 10:07 1407

Солтүстік Қазақстан облысында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасының екі күнінде тәртіп сақшылары 11 мас жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды El.kz.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде 9 қарашада «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы басталды. Бұл күндері патрульді және учаскелік полицейлердің, басқа да бөлімше қызметкерлерінің қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алуда жұмыстары қызған.

Екі күннің ішінде полицейлер мыңнан астам үйді, саяжайларды және иесіз тұрған ғимараттарды аралап шықты. Жалға берілетін 200-ге жуық баспана тексерілді. Профилактикалық есепте тұрған 1330 адам, соның ішінде 164 тұрмысы нашар отбасымен әңгіме жүргізілді. Нәтижесінде мыңға жуық түрлі әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Негізінен, яғни 222 факті тіркеусіз немесе жеке куәліксіз тұруға қатысты. 199 дерек қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішу және мас күйде жүруге байланысты. Ұсақ бұзақылыққа қатысты 88 факті тіркелді.

Полицейлер жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ерекше мән берді. Іс-шара аясында ең көп заң бұзушылық жаяу жүргіншілер тарапынан анықталды, екі күнде 180 дерек тіркелді. Жылдамдықты асырған 58 көлік жүргізушісі жазаланды. Тек соңғы тәулікте облыс жолдарында 5, ал жалпы екі күнде –11 мас жүргізуші ұсталды.

«Көлік тәртібінің сақталуын бақылау күшейтіледі. Аймақтағы ауа райы өзгеруде. Полиция жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден барлық ережелерді мүмкіндігінше қатаң сақтауды сұрайды. Сонымен қатар, мал иелері де жануарларын бақылауы тиіс, әсіресе көлік қозғалысы көп жолдарда, теміржолдардың жанында еркін жайылымға жол бермеу қажет», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға