Жаңалықтар

СҚО-да бір айға жуық уақыт ішінде жүзге тарта заңсыз аңшылық дерегі тіркелді

СҚО-да бір айға жуық уақыт ішінде жүзге тарта заңсыз аңшылық дерегі тіркелді
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі 13.11.2024 06:32 338

Солтүстік Қазақстан облысында екі сібір елігін атып алған браконьерлер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Өңірде «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтер жүргізіліп жатыр. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Аққайың ауданының аумағында өткен осындай кезекті рейдке табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкерлері, «Советское» аңшылық шаруашылығының директоры мен қорықшылары атысты. 

Олар орман ішінен мылтық даусын естіп, машина фарасының жарығын байқап қалады. Түнде көруге мүмкіндік беретін арнайы құрылғының көмегімен екі адамның сұлбасын және жануарлардың етін көлікке тиеп жатқанын көрген. 

Тәртіп сақшылары «Audi» автокөлігін тоқтатты. Оның ішінде ауданның 31 және 37 жастағы екі тұрғыны болған. Көліктің жүксалғышынан екі сібір елігі табылды. Ер адамдар аңшылықпен заңсыз айналысқан екен. 

Сондай-ақ көліктің салонынан 12-ші калибрлі тегіс ұңғылы «МР» мылтығы, қызғылт түсті дақтар бар пышақ табылып, тәркіленді. Мылтық күдіктілердің ешқайсысының атына тіркелмеген.

Күдіктілер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. «Бракоконьер» іс-шарасы 20 қазан мен 19 қараша аралығында өтіп жатыр. Мақсат — заңсыз аңшылыққа, аңшылық және балық аулау қағидаларын бұзуға жол бермеу. Жедел-профилактикалық іс-шара аясында заңсыз аң аулаудың 110 және аң-балық аулау қағидаларын бұзудың 15 дерегі анықталды, - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы құрамындағы табиғатты қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Асхат Қожабаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға