СҚО-да 8,3 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бас прокуратура мәліметінше, жыл басынан бері қадағалау органы жалпы ауданы 125 мың гектардан асатын 34 жер учаскесін мақсатына сай пайдаланылмағанын анықтады.
Ақжар, Тимирязев, Уәлиханов аудандарының жер пайдаланушылары Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, ұзақ уақыт бойы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 34 жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбаған.
Қадағалау актілері бойынша жалпы ауданы 8,3 мың гектардан асатын, кадастрлық құны 95,7 миллион теңге болатын 8 жер учаскесі қайтарылды, олар қазіргі уақытта заңды экономикалық айналымға тартылуда, - делінген ақпаратта.
Қалған жер учаскелері бойынша оларды қайтару жұмыстары жалғасуда.
