Жаңалықтар

СҚО-да 30 мектеп мемлекеттік аттестацияға қатысып, жартысынан астамы сыннан өте алмады

СҚО-да 30 мектеп мемлекеттік аттестацияға қатысып, жартысынан астамы сыннан өте алмады
Фото: El.kz 29.06.2023 15:45 1430

Солтүстік Қазақстан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жарты жылдықты қорытындылап, нәтижесін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алена Мальгаеваның айтуынша, жыл басынан мемлекеттік аттестаттау 30 мектепте өткізілді, оның ішінде 17 мектеп аттестатталмады.

Өткен жылмен салыстырғанда биыл мемлекеттік аттестаттаудан өткен орта білім беру ұйымдарының саны өскен. Десек те мектептерде мемлекеттік жалпы міндетті білім стандарты талаптары толық көлемде сақталмайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арнайы оқыту жағдайлары жасалмайды: жеке жұмыс жоспарлары жоқ, психологиялық-әлеуметтік қызметтің жұмысы, инклюзивті білім беру талаптары байқалмайды.

Біліктілік талаптары мәселесі өзекті болып қала береді. Мәселен кей педагогтердің білімі оқытатын пәніне сәйкес келмейді. Ұстаздардың аттестаттаудан өту мерзімдері де сақталмаған. Асхананың санитарлық нормаларға сәйкес келмеуі, санитариалық-эпидемиологиялық қорытындының болмауы, оқу үй-жайларының санитарлық нормалар мен өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келмеуі, білім бойынша қанағаттанарлықсыз нәтиже, формативті және жиынтық бағалау талаптарының сақталмауы анықталды», - дейді Алена Мальгаева.

Мемлекеттік аттестаттау алдында мектептерде 4,9 сынып оқушылары кешенді тестілеуден өтеді. Бүгінде кешенді тестілеу 51 мектепте болды.

«Жақсы нәтижелерді Айыртау ауданы Дәукара орта мектебінің 4 сынып оқушылары көрсетті, барлығы 30 балл болса, балалар орташа 27 балл алды. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Буденновское орта мектебінің 9 сынып оқушыларының орташа көрсеткіші – 50. Барлығы 60 балл болды.

Ал М.Жұмабаев ауданының Қызыл-Қазақстан негізгі орта мектебінің 4 сыныбында орташа көрсеткіш 11 ғана, Тайынша ауданының Киров орта мектебінің 9 сыныбында орташа балл 20 ғана болды», - дейді департамент басшысы.

Аттестатталмаған білім беру ұйымдары анықталған олқылықтарды жою жоспарын және оларды жою мерзімін айқындайды, тек сосын қайта қорытынды жасалады.

Жыл басынан 48 мектеп қайта аттестаттаудан өтті, оның екеуі: Айыртау ауданының Ақан-Бұрлық бастауыш мектебі және Аққайың ауданының Куйбышев бастауыш мектебі ескертулерді түзетпеген. Заңнамаға сәйкес оларға енді мамандар барып профилактикалық бақылау жүргізбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға