СҚО-да 13 сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр
Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғауез Нұрмұхамбетов:
облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді;
өңірдің шаруалары қиындықтарға қарамастан 3,7 миллион тонна астық жинағаны жөнінде баяндады;
облыста 13 сүт фермасының құрылысы жүріп жатқаны, оның алтауы жыл соңына дейін іске қосылатыны жайында мәлімет берді:
аграрлық секторда сомасы 80 миллиард теңге болатын 27 жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 1000 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл өңір халқының құс етіне, сүт өнімдеріне, көкөністерге деген қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;
өнеркәсіп саласында құны 469 миллиард теңге болатын 39 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл 6 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл 15 жоба іске қосылады.
жаңа нысандар салу арқылы 25 ауыл сумен қамтамасыз етілетінін, сондай-ақ кешенді блок-модульдер орнату арқылы 149 ауылға және топтық құбыр жобалары есебінен 46 ауылға су берілетінін жеткізді;
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Петропавл қаласында 4 мектеп салынатыны жөнінде айтты:
қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 46 медициналық мекеме іске қосылатынын мәлімдеді. Оның сегізі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі:
облыс орталығында екі емхана салынған;
Уәлиханов ауданында емхана құрылысы жүргізіліп жатыр.
өңірдегі жылыту маусымы қалыпты режимде өтіп жатқанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев облысты одан әрі дамыту және халықтың өзекті мәселелерін шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.