СҚО-да 11 жастағы қызын пышақтап тастаған әйелге сот үкім кесті

Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 11 жасар қызын пышақтап, ауыр жарақаттаған анаға үкім шығарды. Көпбалалы келіншек алдағы алты жылын темір тордың ар жағында өткізеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың күзінде Уәлиханов ауданы Өндіріс ауылында болған. Анасы қызын жамбас тұсынан пышақпен жарақаттаған. Жарақат алған оқушы аудандық ауруханаға жеткізіліп, кейін облыстық емдеу мекемесіне ауыстырылды.
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты күдіктіге қатысты үкім шығарды. Судья Әсемгүл Тоқтарбаеваның мәлімдеуінше, Инара Ислямова ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 2-бөлігінің 3 және 11-тармақтары (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Сот шешімімен оған орташа қауіпсіздік мекемесінде алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот Ислямованың әрекетін кәмелетке толмаған, материалдық жағынан тәуелді адамға қатысты жасалған қылмыс деп саралады. Кінәлі сот залында қамауға алынды, ал жазаны өтеу мерзімі 2025 жылдың 18 ақпанынан бастап есептеледі, – деді судья.
Судьяның айтуынша, айыпталушының әрекеті адамға дәрменсіз күйде екенін біле тұра жасалған, сондықтан жаза жеңілдетілмейді.
Сотталушы Ислямова, сіз ас үйден пышақ алып, баланың бөлмесіне кірген сәтте де тоқтамадыңыз. Тек енеңіз бөлмеге кірген кезде ғана әрекетіңізді тоқтаттыңыз. Бұл қасақана жасалған ауыр қылмыс. Сондықтан жазаны кейінге қалдыру немесе жеңілдету мүмкін емес, – деді сот шешімін түсіндірген судья.
Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушының апелляциялық шағым түсіру құқығы бар.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, отбасыдағы зорлық-зомбылық мәселесін қайта көтерді. Құқық қорғау органдары мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тиісті шараларды күшейту қажеттігін ескертеді.
