Жаңалықтар

Біздің спортта жас шектелмейді

Джиу-джитсер Дархан Нортаевпен сұхбат
Біздің спортта жас шектелмейді
04.01.2019 10:55 7509

Жапонияда ХVІ ғасырда пайда болған джиу-джитсу елімізде соңғы жылдары жоғары қарқынмен дамып келеді. Еліміздің көптеген қалаларында осы спорт түрінің арнайы үйірмелері ашылып, жоғары білікті жаттықтырушылар болашақ чемпиондарды дайындау үстінде. Бұл спорттың қазақ елінде танымал бола бастағаны біздің джиу-джитсерлердің әлемдік ареналарда жоғары жетістіктерге жетіп жүргенінің нәтижесі де болар. Сондай табысты спортшылардың бірі, өткен жылғы Азиада ойындарының чемпионы – Дархан Нортаев. Спортшы жақында Маңғыстау облысы әкімінің қолынан «Жыл спортшысы – 2018» номинациясын алып, «Үздік спортшы» марапатына ие болды.

Жеңістер мен жеңілістер дос-жаранның сүзгісі

– Өткен жыл мен үшін табысты болды. Күтпеген жеңістер келіп, абыройымды асырды. 2017 жылға үлкен жоспарлар қойып, соған жетуге барымды салғанмен, өз ойымдағыдай өтпеген еді. Оған себеп, салмақ ауыстырғаным да болар. Ал 2018 жылы оң-солымды танып, қарсыластарымның қыр-сырын да меңгере бастадым. Алайда, қараша айында өткен әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көріне алмадым. Енді сол жеңілісім осы жылға тағы да жаңа тапсырмалар жүктеуге сеп болып отыр.

Швецияның Мальме қаласында өткен әлем біріншілігіндегі сәтсіздік Дарханның дайындыққа тағы да көңіл бөле түсу керектігін шегелегендей.

– Тек қана болашақ жоспарларым емес, дос болып жүргендердің де ара-жігін ажыратып берді. Азиадада алған алтыным таныстарымның көкжиегін кеңейтіп жібергендей болған. Ал әлемдік додадағы жеңілістен кейін халімді сұраушылардың саны кәдімгідей азайып кетті. Мұндай сәттерде нағыз жанашыр жандардың кім екенін біледі екенсің...

Спортшы ештеңеге қарамай, дайындығын күшейтіп, 2019 жылдың беташары болатын London open-ге кіріспек.

– Осы жарыстан кейін, бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионаты болады. Бұл ірі тунирдің алдында шет мемлекеттердің бірінде дайындығымды пысықтағым келеді. Ал жаз айларында Астанада Grand Slam өтпек. Өз еліңде өтетін турнирде топ жарудың маңызы зор. Себебі, үлкен жауапкершілік жүктелмек. Одан кейін Моңғолия жерінде Азия чемпионатының жалауы желбіресе, жылдың екінші бөлігінде Таиланд Орen мен Қазақстан біріншілігі күтіп тұр. 

Дархан сәтті өткізген жылдан соң, 62 келі салмақта әлемдік рейтингтің 3-сатысына тұрақтаған.

– Менің есептеуімше, бірінші немесе екінші орынға көтерілуім керек. Рейтинг соңғы уақыттары жаңара қоймапты.

Достары еркелетіп, «Дара» атайтын спортшы джиу-джитсуға келгелі 5- 6 жыл өтіпті. Осы аралықта, Қазақстанда «жұмсақтық өнеріне» келем деуші өрендер көбейген. Бапкерлердің де біліктілігі артып, ел спортшыларының шеберлігі өсіп, әлем санасатын дәрежеге жеткен.

– Мен айналыса бастағанда джиу-джитсу аса қатты танымал емес еді. Араға бірлі-екілі жыл сала жылдам қарқынмен дамып кетті. Оның да бізге тигізер пайдасы бар. Себебі, өз арамызда бәсекелестік артып, шеберлігіміз өседі. Соның арқасында жақында өткен Джакартадағы Азиадада екі алтын медаль еншіледік. Әлем чемпионаттарында да олжасыз қайтып жүргеніміз жоқ. Бұл жерде айта кетерлігі, Азиадаға джиу-джитсудың алғаш рет енуі. Енді, осы спорттың жанашырлары олимпиада ойындарына қосуды көздеп отыр. Бұйыртса, 2024 жылы Парижде өтетін төрт жылдық додада Қазақстан қоржынына алтын салу ойда бар.

Үш ай бразилиялық отбасыда тұрдым

Дархан джиу-джитсудің бірнеше түрі барын айтады.

– Мәселен, бразилиялық джиу-джитсу сындарына қатысқысы келетіндердің бәрі шақырыла береді. Сол сияқты оларда ақ белбеумен қара белбеу ешқашан қарсылас атана алмайды. Тіпті, жас аралықтарына байланысты да бөлінеді. Ал не-ваза түрі бойынша әлемдік додаларға жолдама алу үшін қалалық, республикалық турнирлерде жеңіске жетуге тиіссің. Халықаралық жарыстар туралы содан кейін барып ойлансаң болады. Яғни, не-ваза алдыңа нақты мақсат қойып, әлемді алуға итермелейді. Олимпиадаға енгелі жатқан осы түрі.

Соған қарамастан, Дархан бразилиялық джиу-джитсудың әлем біріншіліктерінен қалмауға тырысады. «Ол арқылы да деңгейіңді тескеріп, біршама тәжірибе жинақтайсың» дейді ол. Оңтүстік американдық джиу-джитсудың 5 деңгейі болса, Нортаев соның үшіншісіне келген. Күлгін белбеуге ие.

– Осы жылы қоңыр белбеуге өтуге дайындалып жатырмын. Ол үшін бірнеше жарыстарда топ жарып, мықтылығымды көрсетуім керек. Белбеу таға салу оңай-ақ, бірақ соған тұрарлық өнер көрсетудің маңызы зор. Егер мықтылығымды көрсетіп жатсам, бапкерім өзі келіп тағады. Мұнда ешқандай рейтингтегі ұпайдың маңызы жоқ. Және қызығы, белбеуді тағу да үлкен мереке секілді өтеді.

Қазірде спортшының бір емес үш бапкері (Болат Дүйсенбиев, Альберт Алдияров, Руслан Әбдреев)  бар. Олар еліміздің үш қаласында тұрады. Спортшы оқу-жаттығу жиындарына байланысты сол жаттықтырушыларға барып, дайындық жүргізеді.

Негізі, спортшыда бірнеше бапкер болуы керек деп есептеймін. Себебі, бір адам сол спорттың жілігін шағып, майын ішуі екіталай. Тек бір қырын жетік меңгеріп, сенің санаңа сол тұсын ғана құюы мүмкін.

Байқағанымыз, жеңілістер Дархан үшін алға ұмтылудың негізгі себепкері. Ол нағыз қайсар мінезімен, әр сәтсіздіктен сабақ алып, өзін қамшылай түседі.

– 2017 жылы жабық кешендегі өткен Азия ойындарында жеңіліс таптым. Сол сәтсіздіктен соң, қалай да шеберлігімді арттыру керек деп шештім. Бразилияда жаттығу жүргізу идеясын Қазақстан джиу-джитсу федерациясына айтып, қолдау таптым да, үш айға барып келдім. Ол жақта Эдуардо деген досымның отбасында тұрып, сол үйдің бір мүшесіне айналып, өте керемет уақыт өткіздім. Бразилиялықтардың жаттығу жүргізу стилі де, техникалары да ерекше екен. Бастысы, біз секілді күшке емес, техникаға аса мән береді. Одан кейін де мемлекеттің қолдауының арқасында бірнеше елде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп келеміз.

Спортшы шет мемлекетте жаттығу жүргізудің пайдасы көп дейді. Жан-жақтан жиналған джиу-джитсерлер өз шеберлігін ортаға салып, тәжірибе алмасады.

Қатты есімде қалған кездесулер көп

Әр жекпе-жектің өз тарихы болатыны секілді, Дархан үшін кез келген кездесуден қалатын естеліктер бар.

– 2016 жылы Польша елінде өткен әлем чемпионатының финалына екі қазақ шықтық. Оған дейін ешбір отандасымыз ақтық сынға жолдама алып көрмеген екен. Өз бауырыңа қарсы күрескеннен асқан қиын нәрсе жоқ. Күресу барысында татамидің бұрышында бапкерлеріміз отыратын. Бұл кездесуде олар бізді жеке қалдырып, ешқандай көмек көрсеткен жоқ. Барлығын өз шеберлігіміз шешті.

Екі қазақ бәсекелескен жекпе-жекте Дарханның асығы алшысынан түседі.

– Одан кейін естен кетпес кездесуім ұтылыс болды. Менің спорттық өміріме үлкен өзгеріс енгізген сол оқиға болған шығар. Кейінгі жеңістерім сол сәтсіздіктің арқасы деп білемін.

Ілгеріде айта кеткен екі жыл бұрынғы жабық кешендегі ойындарда 3-орын үшін таласта есе жіберген Дархан Азиадада алдына жан салмады. Қарсылас атанғанның бәрінің жанбасы жер иіскеп, біздің спортшы алтынан алқа тақты.

– Естен кетпес кездесу емес, бәсеке десем сол Азиаданы айтар едім. Себебі, төрт жылда бір келетін турнирде топ жарып, ел қоржынындағы алтынның санын көбейтуді мақсат тұттым. Күндіз-түні ойлағаным, сол сын еді. Финалға шығудың өзі оңай болмады. Сол қарсыласыммен бір жыл бұрын кездескенде, ұтылып қалғам. Не де болса, алтынға жетіп, жығылайын деп, бар білгенімді татамиде көрсетіп, жеңіске жеттім. Ал финалда жолымыз түйіскен спортшы БАӘ-нің белді джиу-джитсері, барлық жарыстарда 1-орыннан көрініп жүретін Омар әл-Фадхли болды. Алғашында жеңіліп жатқам, өзімнің айла-тәсілдерімді қолдана жүріп, таразы басын теңестіріп, жеңісті жұлып әкеттім. Ол кездегі қуанышты жеткізуге менің сөзім жетпейді.

Спортшы осындай жарыстарда қасында болған киім немесе сөмкелеріне ерекше қарайды. Ол келесі жарысқа сол заттарды «сәттілікке жеткізеді» деген оймен тағы да өзімен ала шығуы мүмкін.

Біздің спортта жас шектеуі жоқ

Дарханның күресу стилі басқалардан өзгешелеу. Ол жылдам қимылдап, қарсыласын торға түсіруді ойлап, татамиде еш тыным таппайды. Сонымен қатар, бразилиялық джиу-джитсуда әдіс қолданып жатса, спортшылардың бірден беріле салатыны бар. Осы тұстан біздің «Дара» қайтпас-қайсарлығымен ерекшеленеді.

– Біздің спорт түсінбейтін, білмейтін адамдар үшін қызықсыз көрінуі мүмкін. Десе де, үлкен салмақтағылардың жекпе-жектері орта, кіші келідегілермен салыстырғанда өте әсерлі өтеді. Бұл жағынан бокспен салыстыруға әбден болады. Оларда да жоғары салмақтағылар нокдаун, нокаутқа жіберіп, көрермендердің делебесін қоздырып, тартысты өткізеді. Олимпиадаға кіргізудің алдында «көп қимылсыз жатып қалуға болмайды» деген секілді аздап өзгерістер енгізсе құба-құп.

Дархан қандай өзгеріс болса да, дайын екенін айтады. Бала кезінен күрестің барлық түріне қатысып шыққан ол үшін жаңа ережелер қиындық туғызбайтын сыңайлы. Сонымен қатар, жас джиу-джитсер өмірінің қанша бөлігін спортта өткізетінін нақты айта алмайды. «Жұмсақтық өнеріне» қанша жасыңда келсең де кеш болмайды екен.

Джиу-джистуды жас кезіңде ғана емес, 40 жасыңда да бастасаң болады. Мәселен, бразилиялық джиу-джитсуда 40-50-60 жас деген секілді арнайы жарыс кестелері бар. Сол үшін қашан спорттық мансабымды аяқтайтынымды білмеймін. Бастысы, денсаулық сыр бермесе болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға