Жаңалықтар

Спортшыларға жарнамасы бар киімді далада, қоғамдық орындарда киюге рұқсат жоқ - депутат

Спортшыларға  жарнамасы бар киімді далада, қоғамдық орындарда киюге рұқсат жоқ - депутат
Фото: parlam.kz 22.04.2024 17:01 583

Мәжіліс ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутат Нұртай Сабильянов Мәжіліс отырысында балалар баратын спорттық кешендер бәс тігу жарнамаларына толы екенін жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасында букмекерлік контораларға спорттық ғимараттардың ішінде, сонымен бірге спортшылардың экипировкасында жарнама жасау мүмкіндігі беріліп отыр. Оларға тыйым салынған жоқ. Бұл букмекерлік конторлардың қызметіне деген сұранысты көбейтпей ме? Қандай қажеттілік бар? Бір жағынан жарнамаларға тыйым салып отырмыз да, бүкіл Қазақстандағы спорттық ғимараттарға, спорт ареналарына, залдарға, балалар баратын жерге рұқсат беріп отырмыз. Бұл қандай қажеттіліктен туындап отыр?, - деді мәжілісмен.

Бұл сауалға заң жобасын таныстырған мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев жауап берді.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев балалар баратын спорттық алаңдарда, ғимаратта спорттық іс-шара болмайтын болса, онда букмекерлік кеңселерді жарнамалауға рұқсат жоқ екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол спорттық киімдердегі бәс тігу жарнамаларына тоқтала кетті.

Тікелей спорттық экипировкадағы жарнама мәселесі тек сол спорттық аренада ғана болуы керек. Егер де футбол ойыны болса, тек қана футбол ұйымдастырылып отырған уақытта қандай букмекерлік кеңсе оның демеушісі болса ғана кие алады. Ол спорттық киімді далада, қоғамда орындарда киюге рұқсат жоқ. Біздің басты позиция қазіргі таңда букмекерлік кеңселердің қаражатын, не болмаса жарнамасын тек қана спорттық бағыттарға ғана қолдауға бағытталып отыр, - деді Бейсенбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға