Спорт күні: Астанада балалар арасында жүгіруден жарыс өтеді

Спорт күніне арналған Astana RUN Challenge екінші кезеңі аясында қалалық триатлон федерациясы және «Mega Kids» балалар орталықтары мен балабақшалар желісі бірлесіп түрлі-түске боялған балалар жарысын өткізеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, 500 м қашықтыққа 14 жасқа дейінгі 300-ге жуық бала қатысады деп жоспарланып отыр. Мәре сызығын кесіп өткен қатысушыларға арнайы медаль, ал жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталады. Балалар жарысына қатысу ақылы.
Егер біздің іс-шарамыз балалардың есінде қалатындай ұйымдастырылса әрі өскелең ұрпақтың жүгіру спортына деген қызығушылық тудырса қуанар едік.
Іс-шараға бес жас санаты бойынша балалар қатыса алады. Бұл 3 жасқа дейін; 4-5 жас; 6-7 жас; 8-10 жас; 11-14 жас, - деп атап өтті Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Айтқалиева.
Мерекелік іс-шара 20 тамызда сағат 08.00-де Орталық мәдениет және демалыс саябағында (шаңғы трассасы) өтеді.
Қатысу үшін міндетті түрде тіркеу қажет.
