Жаңалықтар

Спасск оқу-жаттығу орталығында «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары өтті

Спасск оқу-жаттығу орталығында «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары өтті
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 02.05.2025 15:10 285

Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарын ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілістің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарағанды облысындағы Спасск оқу-жаттығу орталығында өткен іс-шарада 300-ден астам адам бас қосты. Олардың арасында «Жас сарбаз» ұйымының тәрбиеленушілері, «Әлияшылар» қозғалысына қатысушы қыздар, бастауыш әскери дайындық пәнінің мұғалімдері мен әскери кафедралардың өкілдері, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен келген 100 жоғары сынып оқушысы бар.

Әскери-патриоттық ойындардың ашылу салтанатына Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Парламент депутаттары, Қорғаныс министрлігі мен «Астана» өңірлік қолбасшылығының басшылығы, қарулы күштер ардагерлері, қоғам өкілдері және өзге де азаматтар қатысты.

Спасск оқу-жаттығу орталығында «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары өтті

Өз сөзінде Ерлан Қошанов 2022 жылы «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXII съезінде «Жастар Рухы» жастар қанаты «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарын тұрақты түрде өткізу жөнінде бастама көтергенін атап өтті. Бұл бастамаға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау білдірді. Осы жылдар аралығында «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары тұрақты түрде өткізіліп, жай ғана әскери-спорттық іс-шара емес, нағыз ерліктің, патриотизмнің, жауапкершілік пен тәртіптің мектебіне айналды. Жалпы, осы уақыт ішінде жобаға 5 мыңға жуық ұл мен қыз қатысты.

Президент айтқандай, біз ұрпағымызға дамыған әрі мықты мемлекет қалдыруымыз керек. Ол үшін жастарды дұрыс тәрбиелеу қажет. Бұл істе әскер ерекше рөл атқарады. Бүгінде Қазақстанның Қарулы Күштері тек әскери дайындықпен шектелмейді. Кез келген төтенше жағдай мен табиғи апат орын алса, әскеріміз бірінші болып көмек қолын созады. Бұл – Отан алдындағы парыз бен халық алдындағы жауапкершіліктің шынайы көрінісі. Сіздердің бойларыңызда да осындай қайсар рух пен отаншылдықтың бар екеніне кәміл сенемін, – деді ол.

Спасск оқу-жаттығу орталығында «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары өтті

Сондай-ақ партия төрағасы осы ойындардың Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өткізілуінің символдық мәні зор екенін жеткізді. Сұрапыл соғыс жылдары 1,7 миллионнан астам отандасымыз немесе республика халқының әрбір төртінші тұрғыны майданға аттанып, жартысына жуығы қайтып оралмады. Олардың жанқиярлық ерлігі мен қайсарлығы ұрпақ жадында және ел тарихында мәңгі сақталады. Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай, елордада Қазақстан армиясының қуаты мен ұрпақтар сабақтастығын айқындайтын ауқымды парад өтеді.

Спасск оқу-жаттығу орталығында «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары өтті

Жалпы, «Qaisar» ойындары жас патриоттарды тәрбиелеу ісінің маңызды бөлігіне айналды. Мұнда ел жастары қару-жарақты дұрыс қолдана білуді үйреніп, күш-қуаты мен төзімін шыңдап қана қоймай, командалық рух қалыптастыруға және әркез ел мүддесін қорғауға дайын болуға дағдыланады. Осындай қасиеттер әр адамға керек. Тіпті кез келген салада қажет. Олар адам мінезін шыңдап, алға қойған мақсатқа жетуге және жауапкершілікті сезінуге үйретеді.

Ерлан Қошанов мемлекет саясатына сәйкес, әскери қызметшілерді қолдау және әскери қызметтің беделін арттыру мәселесіне ерекше мән берілетінін атап өтті. Бүгінде Қазақстан армиясы жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейін көрсетіп, оның әлеуеті жылдан жылға артып келеді. Мемлекет тарапынан әскери қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсету шаралары үнемі күшейтілуде. Соның бірі – әскерде азаматтық борышты өтегеннен кейін тегін жоғары білім алу мүмкіндігі. Қазірдің өзінде 4500-ден астам жас азамат осы мүмкіндікті пайдаланып үлгерді.

Сонымен қатар «AMANAT» партиясының бастамасымен әскери-патриоттық тәрбие туралы заң жобасы әзірленді. Құжат азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие берудің біртұтас жүйесін құруға және осы жұмысқа барлық мемлекеттік ұйымды белсенді тартуға бағытталған. Сондай-ақ заң жобасы бастауыш әскери дайындық пәні мұғалімдерінің мәртебесін арттыруды көздейді. Болашақта әскери-патриоттық үйірмелердің түлектері әскери жоғары оқу орындарына түсу және әскери қызметке келісімшарт бойынша орналасу кезінде жеңілдіктерді пайдалана алады. Бұған қоса, әскерге шақырылған жастарға қолдау көрсетудің қосымша шаралары қарастырылуда. Атап айтқанда, жұмыс орындарын сақтап қалудан бастап, оқу ақысын өтеу міндетінен босатуға дейін көзделуде.

Спасск оқу-жаттығу орталығында «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары өтті

Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметі

Сондай-ақ заң жобасына бастауыш әскери дайындық пәні мұғалімдерінің киім кию тәртібі туралы норма да енгізілді. Бұл бастаманы кезінде «Мұғалім Talks» платформасы аясында петропавлдық бастауыш әскери дайындық пәнінің мұғалімі Дархан Қоспанов көтерген болатын. «AMANAT» партиясының депутаттары бұл ұсынысты қолдады.

Ойындар екі күн жалғасады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар оқ ату, әскери эстафета, автоматты шашып-жинау, зияткерлік сайыстар мен тактикалық тапсырмалар арқылы білімін, күш-жігерін, төзімділігін және жеңіске деген талпынысын танытады. Биыл дәстүр мен заманауи технологияны ұштастыруға ерекше назар аударылды. Бағдарламаға алғаш рет ұлттық спорт түрлері мен цифрлық пәндер енгізілді.

Әскери-патриоттық ойындар аясында оқу-жаттығу орталығының аумағында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды. Бұл қадам майдангерлердің ерен ерлігін жастар қауымының есіне салып, ұрпақ сабақтастығының тағы бір маңызды символына айналды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға