Жаңалықтар

Социалистік еңбек ері атағын алған тұлғалар

Телюк Петр Захарович 1925 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданы Кривощеково селосында туған.
04.09.2014 05:48 14860

Телюк Петр Захарович 1925 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданы Кривощеково селосында туған. Еңбек жолын 1941 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Октябрь ауданындағы «Новый труд» ұжымшарында бастаған. 1942 жылы Ақмола­Қарталы теміржолын салуға қатысқан. 1943 жылы Кеңес Әскері қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысушы, жараланған. 1944 жылдан партия, Кеңес және комсомол ұйымдарында қызмет  атқарған. 1969-­1975 жылдары Бескөл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеді. 1975 жылдан Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болған.

1973 жылы 10 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Петр Захарович Телюкке Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сонымен қатар екінші рет Ленин орденімен, екі «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.

 

Тұрғынов Байман Тұрғынұлы 1927 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Ленин (қазіргі Есіл) ауданындағы Бірлік ауылында туған. Еңбек жолын 1942 жылы туған ауылында бастады. 1944 жылы Теміртау қаласындағы металлургия зауытында құюшы, құю цехының мастері болып істеді. Ауылшаруашылық техникумын бітіргеннен кейін 1955­-1960 жылдары «Мамлют» асылтұқымды кеңшардың №2 бөлімшесінде агроном, ал 1960 жылдан осы шаруашылықтың бас агрономы қызметін атқарды.

1973 жылы 10 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Байман Тұрғынұлына Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Бұған дейін ол екі рет Ленин орденімен марапатталып, «Қазақ ССР­інің еңбек сіңірген агрономы» атағын алған болатын.

 

Ұмышев Әбілжан Ұмышұлы 1912 жылы бұрынғы Көкшетау, Ақмола облысындағы Зеренді ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Еңбек жолын 1930 жылы мұғалім болудан бастаған. Ұлы Отан соғысы жылдары және одан кейін аудандық жер бөлімінің бастығы, Көкшетау аудандық партия комитетінің хатшысы, Володар аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, Грачев МТС­нің директоры, Чистопол аудандық атқару комитетінің төрағасы (қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы аудан) қызметтерін атқарған.

1989 жылы қайтыс болды.

 

Филиппенко Петр Яковлевич 1917 жылы Омбы облысы Есілкөл ауданындағы Орловка селосында туған. 1933 жылдан «Красная Орловка» ұжымшарында еңбек ете бастады. 1935­1939  жылдары  Солтүстік  Қазақстан  облысы  Булаев (қазіргі М. Жұмабаев) ауданында мектеп меңгерушісі болып істеді.

1939­-1943 жылдары Кеңес Әскері қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. 1944 жылдан Булаев ауданының партия­Кеңес органдарында қызмет атқарды. 1955-­1973 жылдары Кеңес аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. 1973­-1979 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің партиялық комиссиясын басқарды.

1957 жылы Ленин орденімен, 1966 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен  марапатталды. КОКП­ның  ХХІІ съезінің делегаты болып сайланған.

1971 жылы 8 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Петр Яковлевич Филиппенкоға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға